Астана қалалық соты Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға шыққан бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Перизат Қайратқа қатысты апелляциялық шағымды қарастырды. Алқаның құрамында судьялар Нұрлан Баяхметов, Жарас Арыстанбеков және Гүлнар Дәулешова бар. Сот атышулы іске қатысты үкімді өзгертуге негіз жоқтығын атады.
Сотталған Перизат Қайрат сот процесіне жеке өзі қатысу үшін өтініш жасаған болатын. Дегенмен тараптардың пікірін тыңдаған сот алқасы Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның апелляциялық инстанциядағы сот отырысына қатысулары міндетті емес деп шешті.
Ашық сот отырысына тараптардың адвокаттары онлайн қатысты.
Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайрат 10 жылға, ал анасы 7 жылға сотталды.
Бас прокуратураның мәліметінше, қайырымдылық желеуімен Перизат Қайрат пен анасы 3,5 млрд теңгені заңсыз иемденген.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат пен анасы 51 адамға 1,5 млрд теңге өтеуге міндеттелді.
Еске салайық, бүгін Перизат Қайрат пен оның анасының ісі сотта қайта қаралды.
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға шыққан үкім апелляциялық сатыда қаралып жатқан сот отырысында сотталушы тараптың адвокаты Асланбек Дәулетияров бірінші сатыдағы үкімнің күшін жоюды, сонымен қатар тәркіленген зергерлік бұйымдар мен қымбат заттарды айғақ ретінде есепке алмауды сұрады.
Сот отырысында блогер Олжас Садық сотталушының адвокаты Асланбек Дәулетияровтың айтқан сөзін жоққа шығарып, Перизат Қайрат бренд заттарын Дубайда оның көзінше сатып алғанын алға тартты.