Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Перизат Қайрат 10 жылға, ал анасы 7 жылға сотталды

Олжас АДАЙ
25 Шілде 2025, 15:37
2373
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Астанада қайырылымдылық ақшасын жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот шешімі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске салайық, өткен сот отырысында жәбірленушілер Перизат Қайрат пен анасына қатысты үкімді қолдаған еді.

Перизат Қайратты ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігі негізінде бірнеше қылмыс жасау жиынтығы бойынша жазаны ішінара қосу жолымен түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деді Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Кәрімов.

Бұдан бөлек:

Анасын Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалсын. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес бірнеше қылмыс жасау жиынтығы бойынша жазаны ішінара қосу жолымен Ғайни Алашбаеваға түпкілікті жаза ретінде 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалсын, — деді Кәрімов.

Бұған дейін осы іс бойынша жәбірленуші Олжас Садық та сөз сөйлеп, Газа секторына көмек ретінде 83 млн теңге аударғанын, бірақ ол қаражаттың нақты қайда жұмсалғаны туралы есеп ала алмағанын айтқан еді. Ол да айыптауды қолдайтынын білдіріп, Ғайни Алашбаеваны үй қамақта қалдыруды ұсынып, оның жасын ескеруді сұраған.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.

Тергеу мәліметінше, "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына азаматтар өз еркімен 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған. Олардың ішінде Kaspi Bank тарапынан аударылған 620 миллион теңге де бар.

Астанада өткен 23 шілдедегі сот отырысында прокурор садақадан сән-салтанатқа өткен Перизат Қайраттың әрекетін атап өтті. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын сұрады.

Өзгелердің жаңалығы