Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатқа сәйкес 23 судья қызметінен босатылды. Нақты айтқанда:
- 9 судья - отставкаға кетуіне байланысты;
- 6 судья - өкілеттік мерзімінің өтуіне байланысты;
- 2 судья - қайтыс болуына байланысты;
- 2 судья - сот жюриінің тәртіптік шешімі бойынша теріс қылық жасағаны үшін;
- 1 судья - өз еркімен;
- 1 судья - басқа жұмысқа ауысуына байланысты;
- 1 судья - зейнеткерлік жасқа толуына байланысты;
- 1 судья - Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімі бойынша судьяның кәсіби жарамсыздығына байланысты.
Осы тұста әртүрлі аймақта 92 жаңа судья тағайындалғанын да айта кетейік.
Осылайша Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген адамға жеңіл үкім шығарған Сарыағаш аудандық сотының судьясы Нұрғазы Шетенов қызметінен босатылды. Жарлықта Нұрғазы Шетенов "сот жюриінің шешімі бойынша теріс қылық жасағаны үшін" қызметінен босатылғаны айтылған.
Еске салсақ, 13 шілдеде Сарыағашта ауласында ойнап жүріп жоғалып кеткен 5 жастағы бүлдіршіннің өлі денесі ауылдасының үйінен табылғаны хабарланған еді.
Тағайындалған және қызметтен босатылған судьялардың толық тізімімен "Әділет" нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінен танысуға болады.
Оқи отырыңыз: