Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық тестілеу орталығы тестілеудің барлық түрін ауыстыру жақын арада жойылатын техникалық ақауларға байланысты екенін хабарлады.
Туындаған техникалық ақауларды тестілеуді тоқтатпай жоюға жұмсаған күшіміз жеткіліксіз болғандығын хабарлаймыз. Осыған байланысты 25 сәуір мен 3 мамыр аралығында өткізілетін барлық іс-шараны, оның ішінде Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингін, Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарын және педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеуін кейінгі мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдауға тура келді, - делінген Ұлттық тестілеу таратқан хабарламада.
Ұлттық біліктілеу тестілеуін тапсырудың жаңа күні мен уақыты туралы ақпарат келесі аптада Жеке кабинеттің «Менің іс-әрекетім» бөлімінде қолжетімді болады.
Естеріңізге сала кетейік, техникалық себептерге байланысты тестілеуді аяқтай алмаған педагогтердің жауаптары сақталып, оларға тесті әрі қарай жалғастыру мүмкіндігі беріледі.
Барлық техникалық ақауларды жақын уақытта жоюға бар күшімізді салып жатырмыз. Туындаған келеңсіздік үшін кешірім сұраймыз, - делінген хабарламада.