Педагогтарды көтермелеу жүйесі әзірленді

19 Қаңтар 2024, 12:52
15851
Бөлісу:
Педагогтарды көтермелеу жүйесі әзірленді
Фото: Оқу-ағарту министрлігінен

Ғылым және жоғары білім министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің салалық көтермелеу жүйесі қызметкерлердің, жұмыскерлердің және өзге де тұлғалардың қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, шығармашылық белсенділігі, мінсіз қызметі, білім және ғылым саласын дамыту бойынша басқа да жетістіктері мен сіңірген еңбегі үшін көтермелеу және ынталандыру үрдісін, сондай-ақ, ведомстволық наградалардан айыру тәртібін нақтылайды.

Көтермелеу жүйесі мынадай көтермелеулерден тұрады:

1) «Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғысы»;

2) «Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы»;

3) «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру iсiнiң үздiгi» құрмет дипломы;

4) «Ғылым үздігі» құрмет дипломы;

5) «Тіл жанашыры» құрмет дипломы

Көтермелеумен марапаттаудың мынадай реттілікпен белгіленеді:

«Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғысы»;

«Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы»;

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру iсiнiң үздiгi» құрмет дипломы немесе «Ғылым үздігі» құрмет дипломы немесе «Тіл жанашыры» құрмет дипломы.

Көтермелеулермен марапаттау негіздері

«Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғысымен»:

жалпы еңбек өтілі бір не одан да көп ғылым және білім жүйесінде, тіл саласында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған, жұмысында үздік нәтиже көрсеткен, шығармашылық белсенділігі мен іс-шараларда жеткен жетістіктері (конкурстар, олимпиадалар, форумдар, байқаулар, көрмелер) үшін марапатталады;

«Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен»

жұмыстың табысты нәтижелері, білім, ғылым және тіл саласындағы жоғары жетістіктері мен елеулі еңбегі үшін білім, ғылым және тіл саласында үш немесе одан да көп жыл еңбек өтілі бар тұлғалар марапатталады;

ғылым мен техниканың жетістіктерін өндіріске енгізу, құнды жетістіктердің, елеулі нәтижелердің болуы, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін; Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрліктің (бұдан әрі-Министрлік) атаулы тапсырмаларын тиісінше адал орындағаны үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың, тіл саласындағы мемлекеттік ұйымдардың еңбек ұжымдары марапатталады.

 «Жоғары және жоғары оқу орнынан шыққан білім беру ісінің үздігі» құрметті дипломымен

жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында бес немесе одан да көп жыл жұмыс өтілі бар, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласына қосқан үлестері, білім алушылардың дамуындағы жетістіктері мен республикалық, халықаралық олимпиадалардағы, конкурстардағы, жарыстардағы білім алушылардың көрсеткен жоғары көрсеткіштері бар педагогтер марапатталады.

 «Ғылым үздігі» құрметті дипломымен

ғылыми ұйымдарда 5 немесе одан да көп жыл жұмыс өтілі бар, ғылым, техника, технология және инновация саласындағы елеулі еңбектері мен ғылыми қызметкерлерді дамытудағы, тәрбиелеудегі жетістіктері үшін ғылыми қызметкерлер марапатталады.

«Тіл жанашыры» құрметті дипломымен

тіл саласын дамытуға, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталады.

Бір адамға көтермелеу жүйесінде көзделген негіздер бойынша көтермелеуге бір ұсыныс енгізіледі.

Тәртіптік жауаптылыққа тартылған, соттылығы бар адамдар Министрліктің ведомстволық наградаларымен наградтауға ұсынылмайды.

Көтермелеу үшін материалдарды енгізу және (айыру) тәртібі

Көтермелеу туралы ұсыныстар «Ғылым қызметкерлері күні», «Қазақстан Республикасының Конституциясы күні», «Республика күні» мерекелерін, басқа да мемлекеттік мерекелерді, мерейтойлық күндерді және ерекше жағдайларда өзге де еңбегі үшін мерекелеуге орай қаралады.

Марапаттау туралы ұсынымдар осы көтермелеу жүйесіне сәйкес награда парағын қоса бере отырып, мереке, мерейтой күндеріне дейін күнтізбелік 45  күннен кешіктірілмей министрлікке жіберіледі.

Еңбек ұжымдарын наградтау кезінде осы көтермелеу жүйесіне сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың, тіл саласындағы мемлекеттік ұйымдардың еңбек ұжымдарын министрліктің Құрмет грамотасымен наградтауға ұсыну рәсімделеді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми ұйымдар, мемлекеттік мекемелер көтермелеуге тізімдер, награда қағаздарымен қоса ұсынымдарды министрліктің кадр қызметіне жібереді.

Жұмыс беруші көтермелеуге ұсынылған үміткерлер бойынша мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына және олардың талаптарға сәйкестігіне жауапты болады.

Ел азаматтарын, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды көтермелеу туралы ұсыныстарды Министрліктің жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерінің басшылары бастамашылық ете алады және Ғылым және жоғары білім министрінің немесе наградалар жөніндегі комиссияның қарауына шығарылады.

Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары көтермелеуге ұсынылған үміткерлер бойынша мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына және олардың талаптарға сәйкестігіне жауапты болады.

Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, министрліктің қарамағындағы ұйымдар мен мекемелердің басшылары тиісті мерекеге дейін күнтізбелік 20 (жиырма) күннен кешіктірмей өзінің (жетекшілік ететін) жұмыс бағыты бойынша адамға қатысты марапаттау материалдарын министрліктің кадр қызметіне жібереді:

  • көтермелеуге ұсыну;
  • осы көтермелеу жүйесіне сәйкес нысан бойынша белгіленген үлгідегі Награда қағазы.

Марапаттау материалдары электрондық құжат айналымы арқылы, электрондық құжат айналымы болмаған кезде Министрліктің кеңсесінде тіркеу арқылы поштамен жіберіледі.

Ведомстволық наградалармен марапатталған адамдар көтермелеу жүйесінде көзделген тәртіппен тиісті ведомстволық наградалардан айырылады.

Ведомстволық наградалардан айыру туралы мәселені Комиссияның қарауына шығару үшін негіз болып табылады:

1) Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығару;

2) заңды күшіне енген соттың айыптау үкімінің болуы;

3) Қазақстан Республикасының құқықтық актілерінде көзделген өзге де жағдайларда қолданылады.

Ведомстволық наградалардан айыру туралы мәселені шешу үшін Министрліктің кадр қызметіне:

  • наградалардан айыру туралы түсінік;
  • мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығару туралы бұйрықтың көшірмесі немесе соттың айыптау үкімінің көшірмесі немесе өзге де құжаттар.

Министрліктің ведомстволық наградаларымен көтермелеуге (ведомстволық наградалардан айыруға) объективті көзқарасты қамтамасыз ету үшін министрлік аппараты басшысының бұйрығымен наградалар жөніндегі комиссия құрылады, оның құрамы мүшелердің тақ санынан тұрады.

Комиссияның жұмысы қажеттілігіне қарай өткізілетін отырыстар өткізу арқылы жүзеге асырылады. Комиссия отырысы Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды.

Министрліктің Аппарат басшысы ведомстволық наградалармен көтермелеу (ведомстволық наградалардан айыру) туралы бұйрыққа қол қояды:

  • Комиссия шешімінің негізінде;
  • бұл мәселе Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Мәжіліс пен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің актілерінен немесе тапсырмаларынан туындаған жағдайда - оны Комиссияның қарауына шығармай-ақ беріледі.

Наградаларды тапсыруды министрлік басшылығы, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың, Мемлекеттік мекемелердің, министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары салтанатты жағдайда жүргізеді.

Ведомстволық наградаларды тапсыруды жауапты адамдардың тапсырмасы бойынша өзге лауазымды адамдар жүргізе алады.

Сол көтермелеумен қайта марапаттауға жол берілмейді.

Құжат 2 ақпанға дейін қоғамдық талқылау үшін НҚА сайтында орналастырылған.

Өзгелердің жаңалығы