Осы жылдың мамыр айында басталған «Педагогикалық идеялар панорамасы-2023» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мәліметінше еліміздің барлық өңірлерінен байқауға қатысу үшін 300-ден астам өтініш келіп түскен.
Әсіресе, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының мұғалімдері аса қызығушылық танытуда. Олардың ішінде пән мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері, мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері бар. Өтініштер көбінесе бейне, шеберлік сабақтары және бейне подкаст түрінде жеке берілуде.
Ең танымал бағыттар – жаратылыстану, ерте сауаттылық пен оқу сауаттылығы. Еске салайық, мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының педагогтарына арналған «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді.
Байқаудың мақсаты – Қазақстанның виртуалды білім беру кеңістігіндегі авторлық құқықпен қорғалған бейне ресурстар банкін толықтыру, заманауи педагогикалық тәжірибе мен мұғалімдер арасындағы өзара әрекеттестіктің озық тәжірибелерін тарату және насихаттау. Биыл конкурс ережесіне өзгерістер енгізілді: бағалау критерийлері, конкурстық жұмыстардың бағыттары мен нысандарының тізбесі жаңартылды, өтінімдерді қабылдау және марапаттау рәсімдері қайта қаралды.