Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі мектептерде қызмет атқаратын мұғалімдердің 90 пайызы – әйелдер. Қалған 10 пайызы ер мұғалімдердің үлесінде. Демек, бұл әр мектепте шамамен 6-7 ғана ер мұғалім жұмыс істейді деген сөз.
Яғни бізде «апай» – көп, «ағай» – аз. Мәселен, қалалық білім бөліміне қарасты 60 орта мектептің 16-сын ер мұғалім басқарады. Бұл көрсеткіштің ұрпақ тәрбиесінде алар орны орасан. Мектепте неге ер мұғалімдер аз? Олардың санын көбейту үшін қайтпек керек? Ұстаздар күнінде осы сауалдарға ер мұғалімдерден жауап іздеп көрдік.
Жамбыл инновациялық колледжінің директоры Невзат Бекар қазіргі қоғамда педагогика саласында қыздарға қарағанда ер мұғалімдер өте аз екені жиі айтылатынынан хабардар. Оның сөзінше, жігіттерді нағыз ерге тән қасиет пен мінезге, шыдамдылық пен батырлыққа, адалдыққа тәрбиелеуде ер азаматтардың алатын орны бөлек.
«Десе де, колледжімізде ер мұғалімдер педагогикалық ұжымның 50 пайызын құрайды және әдеттегідей дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындықтың ғана мамандары емес. Олар химия, физика, биология, информатика, математика, ағылшын тілінен сабақ береді. Барлығы – еліміздің және шетелдің жоғары оқу орындарын аяқтаған үздік білімді мамандар. Колледж оқытушылары жастармен бір деңгейде сөйлеседі, сол арқылы бала өзіне деген сүйіспеншілікті сезініп, ұстазын тыңдап қана қоймай, сыйлап, үлгі тұтады», - дейді ол.
Невзат Бекар ер жігіттердің педагогикалық бағытқа қызығушылығын арттыру керектігіне қосылатынын жасырмады. Өйткені ер мұғалім келешек ұлағатты ер жігіттерге батылдық пен батырлық, қайтпас қайсарлық, өжеттілік сияқты қасиеттерді үйретеді. Бұл үшін мемлекетімізде мұғалімнің мәртебесін көтеру керек, кез келген елдің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі осы.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлының айтуына қарағанда, бүгінгі таңда елімізде ер мұғалімдердің саны шамамен 18-20 пайызды ғана құрайды. Олардың өзі дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық және еңбек пәндерінен сабақ береді.
«Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алатын 7012 студенттің 2000-ға жуығы ғана ұл балалар. Ал оқытушыларымыздың жалпы саны 700-ден астам болса, оның 234 ғана ер азаматтар. Ооқытушылық саланың айлық жалақысы аз болғандықтан, ерлердің қызығушылығы төмен дейін десем, жыл сайын Үкімет тарапынан мұғалімдер мен дәрігерлерді басты назарға алып, материалды табыс көлемін көбейтіп жатыр. Тіпті кейбір мемлекеттік қызметкерлердің табысынан ұстаздар жалақысы әлдеқайда жоғары. Оның үстіне, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа арнаған Жолдауында да педагог мәртебесіне арналған арнайы заң жобасы қолға алынатыны туралы хабарлады. Демек, ер жігіттердің бұл салаға жиі бас сұқпайтын себебі – олар баланы оқытудан гөрі түздегі ауыр кәсіпті ұнататын сияқты. Сол себепті қоғамда балаларға үлгі көрсететін ағайлар көбеймей тұр», - деген ректор енді қабылданатын «Мұғалім мәртебесі туралы» Заңнан көп үміт күтетінін де жасырмады.
Ержан Әмірбекұлы соңғы кездері болмысы болбыр, қыз мінезді ұлдар көбейіп бара жатқандығына да алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, бұл мәселеге де ер педагогтардың аздығы сеп болып отыр. Батыстық мәдениеттің басты зардабын жастарымыз шекпеу үшін ұлттық тәрбиені дұрыс жолға қою керек.
«Ер мұғалімдердің тәрбиесі ұлдар үшін ғана емес, қыздар үшін де керек. Себебі қыз балалар мектептегі ер азаматтарды үлгі тұтады. Дос, болашақ жар таңдағанда да қателеспеуі үшін мектептегі ер мұғалімге ұқсайтын азаматты іздейді. Ал ер балалар ер-азаматтарға қарап бой түзейді. Біздегі психологтар бұл беталысымыз ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті деп сан мәрте айтып та жүр. Сондықтан ер мұғалімдердің педагогикадағы рөлі зор екенін ескеріп, ұстаздық жолға тарту мақсатында арнайы бағдарлама жүзеге асыру қажет», - деп санайды ол.
Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гиназиясының директоры Мұрат Тұрысбектің айтуынша, көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімді, икемділікті, шеберлікті, шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаз мамандығы.
«Кеңес Одағы кезінде мектептерде ер мұғалімдер көп, ал нәзікжандылар бірен-саран болған. Ер мұғалімнің мәртебесі жоғары болғаны сонша, оқушылар олармен емен-жарқын сөйлеспек түгілі, алдарынан қия басып өтпеген. Ол кездері білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарының басым бөлігі де сол ерлерге жүктелді. Ал қазір, өзіміз көріп, біліп жүргеніміздей, білім ордаларында олардың үлес салмағы мүлдем азайып кеткен. Бұл жағдай өзекті мәселе ретінде жиі көтеріліп, БАҚ-та айтылып жүр. Қазір еліміз бойынша педагог кадрлардың небары 18,7 пайызын ер адамдар құрайды. Бұл санның жаны бар», - дейді мектеп директоры.