"Педагог" туралы заң жобасы Назарбаевадан өтіп Тоқаевқа кетті

26 Желтоқсан 2019, 15:23
8656
Бөлісу:
"Педагог" туралы заң жобасы Назарбаевадан өтіп Тоқаевқа кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент сенаты "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын бірден екі оқылымда қарап мақұлдады. 

"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Жалпы, заң жобасы төрт бағытты қамтиды. Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, сондай-ақ төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары, - деді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, заңда материалдық ынталандырудың бірнеше тетігі қарастырылған. Мұғалімнің дәптерді тексергені үшін қосымша ақылары екі есеге артады. Тәлімгерлік үшін бір базалық жалақы немесе 17 500 теңге ай сайын төленеді.

Педагогикалық шеберлік үшін барлық мұғалімге 30-50% арасында қосымша ақы қарастырылған. Тағы бір маңызды мәселе, біраз жылдан бері колледж мұғалімдері, қосымша білім беру мен балабақша мұғалімдері категория бойынша ақы алмаған. Енді, осы мәселе де қарастырылды. Аттестация бойынша қосымша ақылар төленеді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде педагогтерге қосымша ақы төлеуге құқылы, - дейді министр.

Білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру нормасы да қарастырылған. Бұның алдында осы норма ауылдық жерге қатысты болса, қазіргі уақытта бұл норма кеңейтіліп отыр. 

Мемлекет басшысының тамыз конференциясында берген тапсырмасының аясында төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есе артады. Бұл тұрғыдан алдағы қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25 %-ға өседі. Депутаттардың қолдауымен осы бекітілген бюджетте тиісті қаражат қарастырылған. Біз осы жұмысқа қаңтардан бастап кірісуге дайынбыз, - деді Асхат Аймағамбетов.

Сенаттың жалпы отырысында қолдау тапқан заң жобасына президенттің қол қойылуына жіберілді.

Өзгелердің жаңалығы