Педагог-ассистенттердің жалақысы мен жұмыс уақыты қайта қаралуы мүмкін

21 Қазан 2026, 11:50
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 21 Қазан 2026, 11:50
21 Қазан 2026, 11:50
128
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің бірыңғай тәртібін енгізуді ұсынды. Бұл туралы ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшсі.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңға жуық бала тіркелген. Білім беру ұйымдарында олардың оқуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау көрсететін 6,5 мыңға жуық педагог-ассистент жұмыс істейді.

Айнагүл Балташеваның сөзінше, педагог-ассистенттер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына, өзіне деген сенімін қалыптастыруына, дербестік дағдыларын дамытуына және сыныптастарымен араласуына көмектеседі. Алайда бүгінде бұл мамандардың жұмыс уақыты мен еңбекақысын есептеу мәселесінде нақтылауды қажет ететін тұстар бар.

Депутат қолданыстағы қағидаларда педагог-ассистенттердің лауазымдық міндеттері мен біліктілік санатына байланысты қосымша ақы қарастырылғанымен, апталық нормативтік оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажеттігі сақталып отырғанын атап өтті.

Бұған дейін педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеуде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Қазіргі нормативтік реттеудегі айқындықтың жеткіліксіздігі өңірлерде жұмыс уақытын әркелкі есептеуге жол береді. Бұл мамандардың тұрақтылығына және ерекше балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасына тікелей әсер етеді, – деді депутат.

Осыған байланысты Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрлігіне үш ұсыныс жолдады.

Біріншіден, «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын ескере отырып, педагог-ассистенттердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін құқықтық тұрғыдан бекіту мүмкіндігін қарастыру және оған қатысты қаржылық негіздеме әзірлеу ұсынылды.

Екіншіден, баланы тікелей сүйемелдеуге жұмсалатын уақыт пен сабаққа дайындалу, педагогтермен бірлесіп жұмыс істеу және құжаттама жүргізу сияқты өзге де кәсіби міндеттерге кететін уақытты нақты ажыратып, есепке алу тәртібін белгілеу қажеттігі айтылды.

Үшіншіден, республика бойынша педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің бірыңғай тәртібін қамтамасыз ету ұсынылды.

Депутаттың пікірінше, педагог-ассистенттердің еңбек құқықтарын қорғау ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау үшін маңызды.

Педагог-ассистенттің еңбек құқығын қорғау – ерекше баланың сапалы білім алу құқығын қорғау. Біз баланың болашағына қамқорлық жасауды оның жанындағы маманның еңбегін әділ бағалаудан бастауымыз керек, – деп айтты Айнагүл Балташева.

Наверх