Педагог Арыстағы жүкті әйелді қалай босандырып алғандарын айтып берді

26 Маусым 2019, 11:35
2864
Бөлісу:
Педагог Арыстағы жүкті әйелді қалай босандырып алғандарын айтып берді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Арыстағы жарылыс кезінде жолда қашып бара жатып, жүкті әйелді босандырып алған 3 педагогтың бірі – Балбөпе Утенова.

Атыраудан шыққан ұстаз Арысқа бірінші рет барған екен. Ол оқиғаның мән-жайын журналистерге айтып берді.

«2019 жылы ҰБТ кезінде Білім және ғылым министрлігінің өкілі ретінде әрбір ЖОО-дан біздердің Арыс қаласына шақыртты. Сол бойынша Түркістан облысы Арыс қаласына командада 12 адам – әр жоғары оқу орнынан жиналып бардық. Арыс қаласында ҰБТ 2 леппен өткіздік. 2-леп 23 маусым күні аяқталды. Әрбір лектен кейін аппеляция деген болады. 24 маусым күні сол аппеляция өткізу үшін таңертең мектепке барып, жұмысымызды жалғастырып жатқанымызда сағат 9-да «сыртқы шығыңыздар, сыртқа шығыңыздар, жарылыс болып жатыр» деген хабар келді. Алғашында мән бермегенімізбен, қатты дауыстан қорқып сыртқа шығуға тура келді. Абдырап сыртқа шықсақ, аспан айналып жерге түскендей, айналаның бәрі шуылдасып кетті. Соғыс боп жатыр деп ойладық», - дейді Балбөпе Өтенова Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің марапаты кезінде.

Атыраудағы мұнай-газ университетінде сабақ беретін мұғалімнің айтуынша, қашқан ұстаздар амалсыздан ауылдықтардан тығылуға жертөле сұраған.

«Жан-жаққа бөлініп кеттік. Тұрғындармен бірге қаша беріппіз. Сол жүріспен бөлініп қаша бергенімізде Жанат, Шайза үшеуіміз ғана қалдық. Дәл он-ақ метр жерге келіп снаряд түсті. Біз қайда тығыларымызды білмей, үйден жертөле сұрадық. Сөйтсек, ол үйдің отбасылары да қашуға қамданып жатыр екен. Ақыры, бәріміз болып, қырға қарай қаша бердік. Артымыздан тарсылдаған жарқыншақтар түсіп жатыр. Телефонымды қолыма алып «екі қызыма ие бол» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым», - дейді Балбөпе Өтенова.

Арыстағы апаттан жаяу да, көлікпен де қашқан жұрттың ортасында қалған үш мұғалімге бір көлік кездеседі. Жүргізуші жас жігіт өзін Досмұхаммед деген Арыстағы ҰҚК қызметкерімін деп таныстырып, мұғалімдерді ала кеткен.

«Жолда сыйғанша балаларды да ала кеттік. Жолда төрт баласы бар бір келіншекті отырғызып алдық. Әлгі әйелдің ең кішкентай баласы бір айлық екен. Үлкен әжені де ала кеттік. Бір қыр асқаннан кейін бензині бітіп қалған бір көлікпен аяғы ауыр келіншек түсіп жатыр екен. Бәріміз аяғы ауыр келіншекті көліктің алдына акушерімен бірге отырғызып алып, жақын маңнан ауруханаға іздедік. Жақын маңдағы ауруханалардың барлығы бос қалған екен. Себебі, ауыл тұрғындарының бәрі де қашқан. Келіншектің толғағы одан сайын жиілей берді. Көлік ішінде босандырып аламыз деп те ойладық. Жүргізуші жігіттің қайсарлығының арқасы деп ойлаймын. Ол көлік кептелісіне қарамай, терезені ашып айғайлап, тез жүрді.

Машинаның ішінде босандырып алуға мүмкіндік болды. Енді бір айта кететінім, жаңағы жүргізуші баланың да бір батылдығы, қайсарлығының арқасында деп ойлаймын. Кептеліске қарамай, босанатын әйелді алып келе жатты. Ол машинаның терезін ашып айқайлайды. Ешкім бізге жол бермейді. Жүргізушінің арқасында Ақжар деген ауылға тап болдық", - деді.

Әрі қарай ауылдағы бір үйге кіріп, жас ана сағат 12.58-де екінші баласын дүниеге аман-есен әкеледі. Педагог босанатын ананың қасында болған акушердің біліктілігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, тоқтаған үйдегі әйел оларға барынша көмектескен. Сорпасын пісіріп, ыстық шайын құйған.

"Бір шетке тұрған үйге барып, тоқтадық. Біздің бағымызға қарай сол үйде мейірімді Гүлмира деген апайдың отбасы екен. Сондай бір жақсы адамдарға тап болдық. Жағдайымызды айтып едік, бізге бір бөлмесін берді. Төсек-орнын, су әкелді. Үшеуміз бұрын соңды ондайға куә болып көрмегенбіз. Біз үшеуміз акушерге көмектестік. Босануына көмектестік. Баланың салмағы үлкен екен. Нәрестенің кіндігі мойнына оралған екен. Осы акушердің біліктілігінің арқасында нәресте дүниеге келді.

Барған бойда біз үй иесіне айттық. Жақын маңда аурухана болса, жедел жәрдем шақыруларын өтіндік. Ол ауылда аурухана жоқ екен. Сосын ар жағындағы тағы бір елді мекенге хабар бердік. Қазір жедел жәрдем келетінін айтты. Оған дейін сағат 12:58-де қыз бала дүниеге келді. Алланың арқасында ғой, бала бала дүниеге келді. Одан кейін үйдің иесі барлық жағдайын жасап, шайын беріп, сорпасын беріп, өзінің үйіндегі немересінің бұрынғы киімдерін үтіктеп, жаялықтарын берді. Солай жағдай жасады", - деді Өтенова.

Кейін босанған ананың күйеуіне сүйінші хабарды жеткізген.

"Медицина қызметкерлері келді. Келіншекті алып кетті. Біз келіншектен "Сіздердің телефоныңыз бар ма, жолдасыңыздың телефоны бар ма, Біз хабарласайық" деп сұрадық. Жолдасының, енесінің телефонын берді. Екеуі де телефонын көтерді. Оларға Ақжар деген ауылда екенімізді, келіншегі босанып жатқанын айттық. "Қазір біз 20 минутта шамасында келеміз" деді. Оған дейін жедел жәрдем де келді. Келіншек "Жолдасым келсе, кейінірек кетейікші" деді. Енді ол күтіп тұрмайды ғой. "Баратын жерімізді айтамыз. Жолдасыңыз соған келеді. Біз сізді алып кетеміз" деді. Сонымен оны желед жәрдем алып кетті", - деді ұстаз.

Балбөпе Өтенова толғағы қысса да, сабырлық танытқан жас ананың қайсарлығын мақтанышпен айтты.

"Жаңағы келіншек Арыс ауылының тұрғыны. Бұл екінші баласы екен. 96 жылғы жас ана. Есімі Кенже екен. Ол 24 маусым күні таңертең сағат 8-де толғатқан. Сол Арыстың ауруханасына апарған. Ауруханасына барып жаңа қабылдап жатқанда жарылыс болып, оған бір акушерді белгілеп, олар қалайда қашып, бір елдімекендегі ауруханаға апарыңдар деген хабар түскен. Сонымен екеуі қашып-пысып жүгіріп, арттарынан снаряд жарылып жатыр. Ол да өте шыдамды келіншек екен. Сол шыдамлығының арқасында босанды", - деді ол.

Бүгін атыраулық ұстаздар Утенова Балбөпе, Нұржұманова Жанат, Шайза Доскееваны білім және ғылым министрі Асхат Айымбетов Құрмет грамотасымен марапаттады.

Өзгелердің жаңалығы