Пайғамбарымыз жеті жерде намаз оқуға тыйым салған. Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі тыйым салынған жерлерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
6 желтоқсанда Алматы Орталық мешітінде алғаш рет жұма намазына келушілер мешіт ауласына сыймай қалды.
Парыз намазы басталғанға дейін мешіт қызметкерлері жамағатты мешіт ауласына орналастырған. Алайда, парыз намазы басталған соң мешіттің оң жақ бөлігі яғни, М.Мәметова көшесінің бір бөлігінде 5 минуттық құлшылық парызын өтеу болған, - деді мешіт.
Сөйтіп салдарынан көше кептелісі пайда болған.
Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі жұма намазына келуші халыққа намаз оқуға тыйым салынған жерлер бар екенін еске салды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеті жерде намаз оқуға тыйым салған. Олар: қоқыс жиналған жерде, мал соятын орында, қабір басында, жолдың үстінде, моншада, мал суарылатын орында және қағбаның үстінде. Жол үстінде намаз оқуға тыйым салуының басты себебі: жол қозғалысына кедергі келтірмеу. Ол көшемен жедел жәрдем көлігі, өрт сөндіру көлігі немесе жұмысына асыққан адам жүретіні белгілі. Сондықтан 5 минутқа көшені жауып намаз оқу қаншама ұзын-сонар көше көптелісін туындатады, - делінген хабарламада.
Орталық мешіт жұма намазын оқу кезінде жолды жауып, басқа адамдарға зиян тигізуге болмайтынын айтты. Сол себепті намазға ертерек келіп, тиісті көрсетілген орындарға жайғасуды, жолдарды жаппауды, көліктерді де дұрыс орынға қоюды, талап пен тәртіпті қатаң сақтауды сұрады.
Бұған дейін Алматы Орталық мешіті маңындағы жағдайға байланысты Алматы полициясы тексеру жүргізіп жатқанын жаздық.