Павлодар облысында екі жыл бұрын әйелін пайдакүнемдік мақсатта өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот мәліметінше, ерлі-зайыптылар арасында ұзақ уақыт мүліктік дау болған. Әйел ажырасуға шешім қабылдаған, ал ажырасқан жағдайда құны 125 млн теңгеден асатын кәсіпорын оның меншігінде қалуы тиіс болған.
2024 жылдың тамыз айында ер адам кәсіпорынды мұрагерлік жолмен иелену үшін әйелінен құтылуды жоспарлаған. Ол жұбайын табиғат аясында демалуға апарып, қайықта отырған кезде суға итеріп, батырып өлтірген.
Жәбірленуші тарап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Алайда сот айыпталушының бұрын сотталмағанын және оң мінездемелерін ескеріп, оны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.