Павлодар қаласындағы түзеу мекемелері мен әскери бөлімдерде Алғыс айту күніне орай шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Мерекелік шара №46 түзеу мекемесінде де өтті. Алғыс күніне орай колония жанындағы техникалық колледжде оқитын сотталушылар киіз үйлер мен өзге де тұрмыстық заттардың макетін әзірлеп, кітапхананың этникалық бөліміне тарту етті. Осылайша, оқу орнының басшылығы, оқытушылар мен кітапханашыларға алғыстарын білдірді.
Бұл мереке келер ұрпақты төзімді болуға, өзгелерді құрметтеуге тәрбиелейді. Сонымен қатар, этносаралық қарым-қатынсты нығайтады. Әр күнге риза болуға үйретеді. Сотталушыларымыз колледждің этникалық бұрышына қажетті бұйымдарды жасап береді. Жәдігерлер қорын толықтыруға тырысады, - дейді мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болатбек Тілеубаев.
Айта кетейік, қазіргі таңда колледжде 75 жазасын өтеуші «Токарь» және «Автомобильдерді жөндеу бойынша слесарь» мамандығы бойынша оқиды. Алдағы уақытта «Дәнекерлеу ісі», «Киімді модельдееу және тігін ісі» мамандықтарын ашу жоспарда бар.
Алғыс айту шарасы 6679 әскери бөлімінде де өтті. Әскери қызметшілердің айтуынша, бұл мерекенің тәрбиелік мәні зор. Себебі, дәл осы мереке арқылы жастар өзара сыйластық, құрметтестікке тәрбиеленеді.
Мен Павлодардағы әскери бөлімге Алматы облысынан шақырылдым. Отан алдындағы борышымды өтеп жүргеніме сегіз айдың жүзі болды. Қатарластарымның барлығы тәрбиелі балалар, бір-бірімізге көмекке келуге тырысамыз. Осы мекеме күні бір-бірімізге рахмет айтып, аналарымызға алғыс білдіреміз, - дейді қатардағы жауынгер Эрик Шварц.
Алғыс айты күні мәдени мекемелерде де өтіп жатыр.