Ертіс өңірі тұрғындары тарапынан бір жыл ішінде тұтынушылар құқықтарын қорғау мекемелеріне 870 өтініш түскен. Олардың барлығы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті өкілдерінің айтуынша, шағым-ескертпелер мен өтініштерді жолдаудың бірнеше жолы бар.
Жеке тұлғалар E-Otinish порталын пайдалана алады. Бірыңғай ақпараттық жүйе де бар. Департаменттің әлеуметтік желілеріндегі парақшалары арқылы да шағым түсіруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, шұғыл желі жұмыс істейді. Ресми өтініш қалдыру кезінде құжаттардың көшірмелері, фото-бейне материалдарды ұсыну керек. Түсіндіру жұмыстарын мамандардан бөлек қоғамдық ұйым өкілдері де жүргізіледі, - дейді департамент басшысы Дәулен Қабдушев.
Келіп түскен өтініштер нәтижесінде 445 құжат бойынша қанағаттанарлық жауап берілді. Сонымен қатар, 350-ден астаам тұтынушының өтініші бойынша түсініктеме берілді. Тағы 50-ге жуық шағым өзге мемлекеттік органдарға бағытталды. Мамандардың айтуынша, шағымдардың басым бөлігі көтерме сауда нысандарына қатысты болып шықты. Шағымдар негізінде ірі және орта кәсіпкерлік нысандарында жоспардан тыс 19 тексеріс жүргізілді. Өтініштермен жұмыс нәтижесінде тұтынушыларға 21 млн теңге көлеміндегі тауар құны қайтарылды.
Айта кетейік, биыл кәсіпкерлік кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес нақты оқиғалар тіркелген кезде кіші кәсіпкерлік нысандарына тексеріс жүргізуге мүмкіндік бар.