Павлодарлық қылқалам шеберлері Қаныштың туған жерінде сурет салды

14 Маусым 2024, 14:42
462
Бөлісу:
Павлодарлық қылқалам шеберлері Қаныштың туған жерінде сурет салды
Фото: Облыстық білім беру басқармасы

50-ден аса павлодарлық жас суретші Баянауыл ауданына бір апталық сапарға аттанып, көпшілікті тамсандырған көрікті жерлердің суретін салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Табиғат аясындағы "Баянауыл палитрасы" атты плэнер "Қазақстан киелі жерлерінің географиясы" жобасы шеңберінде ғалым, геолог Қаныш Сәтбаевтің 125 жылдығына орайластырылды.

Жоба аясында жас суретшілер ҚР Өнер академиясының академигі, Павлодар облыстық Суретшілер одағының төрағасы Өсербай Шурановтан және суретшілер одағының мүшесі Сейсенғали Тіленбаевтан сабақ алды. Бояу мен қылқаламды серік еткен жеткіншектер Қаныш Сәтбаев туып-өскен Арқаның сұлу өлкесі Баянауыл жерінің табиғатын ақ қағаз бетіне түсірді.

Қаныш ағамыз - халықтың сүйген ұлы, бар өмірін, білімін ел игілігі үшін сарп еткен кісі. Сондықтан ғалымның жарқын бейнесі мен туған жерінің көркі жас буын өкілдері үшін де аса қадірлі, аса қымбат. Шараның басты мақсаты - көркемсурет мектептерінің оқушыларын Қаныш ағаның балалық шағы өткен жерімен танысып, тұлғаның туған жерін бейнелеу, - дейді Екібастұз қалалық көркемсурет мектебінің басшысы Ғинаят Сыздықов.

Апталық шығармашылық сапар аясында балалар Қоңыр әулие үңгірі, Жасыбай батыр ескерткіші, Торайғыр көлі, Академик Қаныш Сәтбаев мемориалды мұражайына экскурсияға барды.

Айта кетейік, "Баянауыл палитрасы" жобасы 8 жыл бойы демеушілердің қолдауымен табысты жүзеге асырылып келеді. Соңғы 2 жыл бойы республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Осы жолы Шахтинск қаласының оқушылары қонақта болып, танымал суретшілерден тәлім алды. Плэнер барысында салынған туындылар "Қаныш жүрген ізбен" атты көрмеде көрініс тауып, жұртшылыққа таныстырылады.

Өзгелердің жаңалығы