Павлодарлық құтқарушылар 13 мыңнан астам азаматты құтқарды

19 Қазан 2022, 17:10
1007
Бөлісу:
Павлодарлық құтқарушылар 13 мыңнан астам азаматты құтқарды

Ертіс өңірінің төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері Тәуелсіздік жылдары 13 мыңнан астам адам өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Тәуелсіздік жылдары оқыс оқиғаға тап болған 29 мың азамат эвакуацияланып, 3,5 мың зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді. Ал жыл басынан бері сала мамандары 140 тұрғынның өміріне араша болды. Олардың 10-ы – бала.

Бүгін құтқарушылар күніне орай облыстың төтенше жағдайлар қызметкерлері сый-құрметке ие болды. Бейбіт күннің батырлары, өрт сөндірушілер қауымына алты жол талғамайтын көліктер сыйға тартылды.

«Соңғы үш жылда азаматтық қорғаныс саласы органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,2 млрд. теңге бөлінді. 200-ден астам техника сатып алынды. Заманауи техниканы пайдалану аса маңызды. Ал адам өмірін сақтау – кәсібилік», - дейді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Жаңа көліктер ауылдық елді мекендерге арналған.  Арнайы техниканың өткізгіштігі жоғары. «Урал» және «КамАЗ» автокөліктерінің базасындағы автоцистерналар  жол талғамайды. Сонымен қатар, өрт сөндірушілер үшін жоғары температурада жұмыс істеуге мүмкіндік беретін 200 арнайы киім жиынтығы берілді. Ал келесі жылы 280 млн. теңгеге автобаспалдақтар сатып алынады. 

Құтқарушылар күніне арналған мерекелік шара барысында үздік мамандар Алғыс хаттарға ие болды. Ал адам өмірін құтқарып қалған павлодарлықтар «Өрттегі батылдығы үшін» медальдерімен марапатталды. 

Өзгелердің жаңалығы