Ертіс өңірінің тәртіп сақшысы Ақтоғай ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыға көмек қолын созды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірнеше күн бұрын Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылына еріген қар суы кіріп, тұрғындарды әбігерге салған болатын.
Көктемгі су тасқынына қарсы шараларға атсылысып жүргендердің қатарында учаскелік полиция инспекторы Тұрсынғали Ибраев бар. Полицей су басқан үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірумен айналысты.
Жалаулы тұрғындары туыстарының үйлеріне жеткізуге көмектестім. Қарғын су салдарынан Серік Ахметовтің баспанасы бүлінді. Ол төрт баласы мен бір немересімен тұрады. Су келген күні оларды үйіме алып келдім. Алты күн бойы қонақ болып жүрген жайы бар. Ең бастысы, жерлестерім дін аман, ешкім зардап шеккен жоқ. Өз жұмысыма адал болуға тырысамын. Сондықтан, осындай сәттерде көмек көрсетуге тырысамын. Қазір қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілік атқарып жатырмыз, - дейді учаскелік полиция инспекторы.
Жалаулы ауылында бірнеше үй су астында қалды. Құзыретті орган өкілдері күрделі жағдайға орай жергілікті маңыздағы төтенше жағдай режимін жариялауға ниетті. Осы уақытқа дейін елді мекенде қар суын жинауға арналған учаскелерді кеңейту және алты шақырымдық қоршау дамбасын салу туралы шешім қабылданды. Осылайша, қарғын су арналары сайын далаға бағытталады.
Бүгінгі таңда облыстағы бес ауданда су басқан он учаске бақылауға алынды. Көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 399 адам мен 130 техника жұмылдырылған. Олардың қатарында 210 полицей мен 79 қызметтік көлік бар. Соңғы үш тәулікте қар суының 1,7 млн текше метрі сорылып, 7,5 мың тонна иентті материал төселді.