Павлодарлық оқушылар пән олимпиадаларында 200-ден астам медальге ие болды

Бөлісу:
Павлодарлық оқушылар пән олимпиадаларында 200-ден астам медальге ие болды
Фото: BAQ.KZ -архив

Ертіс өңірінің оқушылар құрамасы елімізде үздік командалардың қатарында. Биыл дарынды жастар 211 медальге ие болған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Жүлделердің 171-і республикалық деңгейдегі білім додаларына тиесілі болса, 30-дан астамы - халықаралық дәрежедегі байрақты бәсекелердің жүлдесі.

Мәселен, Сауд Аравиясында өткен халықаралық химиялық олимпиадада жас өрендер жүлделермен оралды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларға құттықтау жеделхатын да жолдады. Биыл жастар екі алтын, бір күміс және бір қола медальді жеңіп алып, ел намысын абыроймен қорғады.

Жеңімпаздардың қатарында Павлодардағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Ринат Илюсизов бар. Жеткіншек бес сағаттық екі турдан тұратын білім жарысында алтын медальді жеңіп алды.

Халықаралық олимпиадалардағы жеңістер біз үшін ең үздік жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Шетелдік университеттер үшін де маңызды. Оған қоса, пән олимпиадаларына қатысу мен ағылшын тілін меңгеру білім көкжиегін кеңейту академиялық қасиеттерімізді дамытады. Өзім Кореядағы ғылым және технология институтына оқуға түстім. Болашақта ғылыми зерттеулермен айналысуды көздеп отырмын. Пән олимпиадаларында алтын немесе күміс медальге ие болу мақсат емес, ең бастысы терең білім алу, - дейді Ринат Илюсизов.

Оқушы бұған дейін Қытай мен Ресейде өткен олимпиадалардан жеңіспен оралған.

Павлодарлық оқушылардың жүлде қоржынында химия, информатика, физика, математика пәндерінен өтетін Азия-Тынық Мұхит, Жәутіков, Менделеев, Жібек жолы сияқты халықаралық олимпиадалардың жүлделері бар.

Өзгелердің жаңалығы