Ертіс өңірінің оқушылары «Экобум» экологиялық акциясына белсенді қатысып, 3,5 тонна пластик қақпақ жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Балалар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғауға бағытталған акцияны ұйымдастыруға облыстық оқушылар сарайының мамандары мұрындық болды.
«Экобум» шарасы осымен екінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Бұл акция тек экологиялық сипатта емес, қайырымдылық мақсаттағы шара. Себебі пластик қақпақтарынан түскен қаражатты науқас балалардың есепшоттарына аударамыз. Осылайша, балалар қоршаған ортаны аялаумен қатар, бір-біріне көмектесуді, құрметтеуді үйренеді. Осы жолғы акцияға облыстың барлық мектептері атсалысты, - дейді облыстық оқушылар сарайының әдіскері Әсем Аипова.
Пластик қабылдаушы кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бөтелкелердің қақпақтары қайта өңделетін сапалы шикізат саналады. Пластик қалдықтарынан тұрмысқа қажет еңбек құралдары, кеспетас сияқты заттарды жасауға болады. Бүгінде пластиктің бір келісі 120 теңге тұрады.
Айта кетейік, былтыр 2800 келі пластик қақпақ қайта өңдеуге тапсырылды. Нәтижесінде 167 мың теңге көлемінде қаржы түсіп, екі науқас баланың есепшотына аударылған. Бүгінде облыстың кей мектептерінде қоқысты сұрыптауға арналған жәшіктер орнатылған. Бұл да жеткіншектерді экологиялық жауапкершілікке тәрбиелейді.