Павлодар облысындағы апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері төтенше жағдай болған орындарға 352 рет шығып, зардап шеккен 221 адамның өміріне араша болды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Зардап шеккендердің 44-і – бала. Олардың барлығына тиісті көмек көрсетілді. Сонымен қатар, оқыс жағдай кезінде 86 азамат қауіпсіз жерге шығарылған.
Мамандардың айтуынша, елімізде апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері 30 жыл бойы табиғи және техногенді төтенше жағдайға тап болған адамдарға шұғыл медициналық, психологиялық көмек көрсетіп келеді. Құтқару жұмыстары да негізгі міндеттердің қатарында.
Павлодар облысында бұл қызмет 22 жыл бұрын іске қосылды. Бүгінгі таңда құрылымда 42 маман еңбек етеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін кезекшілікке төрт бригада шығады. Білікті мамандардың қатарында дәрігер, фельшер, психолог жәге жүргізуші бар. Шұғыл әрекет ету бригадасы арнайы құралдар, автономды аппаратура, дәрі-дәрмек және қажетті медициналық заттармен қамтылған. Сонымен қатар, апаттар орталығының құрамында жол бойында орналасқан екі медициналық-құтқару бекет бар. Республикалық маңызы бар жол бойындағы пункт апаттарға шығып, зардап шеккендерді жақын маңдағы емдеу мекемелеріне жеткізеді, - дейді мамандар.
Қазіргі уақытта апаттар медицинасы орталығы төтенше жағдайларды жооюмен айналысатын біріңғай мемлекеттік жүйесіне енген.
Айта кетейік, биыл бұл қызмет 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған байланысты еңбегіне адал, әріптестеріне үлгі болған бір топ маман Алғыс хаттармен марапатталды.