Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақсу қаласында Қазақстан халқы Бірлігі күні 102 пәтерлі көпқабатты үй қолданысқа берілді. Баспана кілттерінің 76-сы көпбалалы аналарға тарту етілді.
Аналардың қуанышына облыс әкімі Болат Бақауов та ортақтасты.
«Қазақстан халқының бірлігі күні көпбалалы отбасылар қоныс тойын тойлады. Облыстың қалалары мен аудандарында төрт және одан да көп балаларды тәрбиелеп отырған 76 отбасы тұрғын үйге ие болды. Ақсу қаласында қиын өмірлік жағдайға тап болған 70 көпбалалы анаға пәтер кілттері табысталды. Біз бұл отбасыларға жұмысқа орналасу, мектеп пен бала бақшаларда орын алу бойынша көмектесетін боламыз. Қоныс құтты болсын, қадірлі жерлестер», - дейді Болат Бақауов.
Айта кетейік, шағын қаладағы көпқабатты үй 30 жыл бойы сақалды құрылыс нысаны саналған. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары бір бөлігінде қоныстанған адамдар болған, ал екінші бөлігі бос тұрыпты. Мәселені шешу мақсатында ғимарат толық жөнделіп, аналардың игілігіне берілді.
Еске сала кетсек,облыста «Халыққа көмек» жобасы жүзеге асырылуда. Мақсат - әлеуметтік қолдауға зәрі жандарға көмек көрсеті. Осы санатқа жататын азаматтарға қолдау көрсету үшін ждел штаб құрылып, тиісті шаралар қолға алынған.
Бүгінгі күнге дейін көмекке зәру 756 отбасының әлеуметтік төлқұжаттары жасалып, мәліметтер базасы жасақталды. Осындай отбасыларда 3254 бала тәрбие алуда. 756 отбасының 400-ге жуығы атаулы әлеуметтік жәрдемақыға ие болған. Ал өмірлік қиын жағдайға тап болған 398 отбасыда мектеп жасындағы және мектепке дейінгі жастағы 1710 бала бар. Олардың барлығына көмек көрсетіледі.
Аймақта, қолдау шараларына 400 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.