64 жастағы павлодарлықтың жүрегіне операция жасауға дайындық кезінде асқазанның қатерлі ісігі анықталған. Кардиохурургтер мен онкологтар екі отаны қатар жүргізуге шешім қабылдады, деп хабарлайды Павлодар облысының BAQ.KZ тілшісі.
Дәрігерлер қатерлі ісікті жойған соң жүрек клапанын ауыстырып, шунтирлеу жүргізді. Тұрғын Миокард инфарктінің шақ алдында болыпты.
Облыстық онккологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі Ульфат Борамбаевтың айтуынша, осы тектес жағдайлар өте сирек кездеседі.
Отаны екі медициналық бригада қатар жүргізді. Бұл бірінші кезекте дәрігерлердің жоғары біліктілігі мен емдеу мекемесінің озық технологиялық құралдарының жабдықталуының арқасындағы жетістік деп білеміз. Хирургиялық әрекет науқасқа бір кезекте екі аурудан арылуға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтқанда, жүрек патологиясы мен қатерлі ісік. Обыр уақытында жойылмаса, адамның денсаулығына қауіп төнер еді. Себебі, жүрек операциясынан соң онкологиялық дерттеі емдеуде қиындықтар тууы мүмкін. Осындай шешім қабылдамас бұрын біз консилиум өткізіп, науқасқа жеткіздік, - дейді Ульфат Борамбаев.
Жоғары технологиялы ота міндетті медициналық-әлеуметтік сақтандыру шеңберінде жүргізілді.
Операция сәтті өтті. Науқастың жағдайы жақсы. Пациент 10 күн бойы кардиохирургиялық орталықта ем қабылдайды. Кейін бір ай бойы оңалтудан өтуі керек. Күрделі ота таңертең басталып, кешке аяқталды. Алдымен онкологтар, кейін жүрек дәрігерлері жүргізді. Бас-аяғы 10 шақты адам атсалысты, - дейді облыстық кардиохурургиялық орталық хирургиялық бөлімінің жетекшісі Алмас Антикеев.
Мамандардың айтуынша, бір жылда осы тектес 3-4 операция жасалады. Қазіргі уақытта орталықта жүрек, өкпе патологиялары бар бірнеше науқас жатыр.