Ертіс өңірінің ғалымдары су тасқыны мен алапат өрттерді алдын алу бойынша 20-ға жуық жоба әзірлеп, жұртшылыққа таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Торайғыров университетінің бір топ ғалымы төтенше жағдайларды алдын алып, болжам жасауға бағытталған ғылыми еңбектерін таныстырды. Мамандардың айтуынша, жобалар іске асса, көктемгі су тасқыны немесе өрттерді алдын алуға мүмкіндік тумақ.
«Отандық ғалымдар адамзаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалусуға ниетті. Бүгінгі таңда қолымызда «Қуатты ЖОО – қуатты аймақ» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар баршылық. Торайғыров университетінің зерттеушілерінің идеялары мен әзірлемелері Павлодар облысында қолданысқа ие болып, пайдасын тигізеді деген сенімдемен. Біздің мақсатымыз – бұл бағытта жұмыс істеу», - дейді университет ректоры Еркін Садықов.
Төтенше жағдайларды алдын алу жобаларының қатарында елді мекендерге қарғын суды кіргізбеу, гидрологиялық мониторингтің автоматты жүйесін әзірлеу, «Павлодар облысындағы су тасқыны» мобильді қосымшасын әзірлеу, табиғи және жасанды лиман аумағында өзіндік құны арзан мал азығын әзірлеу, өрттер мен су тасқынын алдын алу бойынша геоақпараттық жүйе әзірлеу сияқты ғылыми жұмыстар бар.
«Жобалар ТЖ қызметі жергілікті атқарушы және құқыққорғау органдарының жұмысын жеңілдетеді. Павлодар облысы орман алқаптары, ауыл шаруашылығы жерлері мен су айдындарына бай. Бұл байлықты қорғау үшін ғылыми көзқарастың дамуы маңызды», - дейді мамандар.
Айта кетейік, «Ертіс орманы» орман резерватында өрттерді ерте кезеңде анықтау жүйесі енгізілді. Заманауи құрылғылар кез келген жануды байқап, түтін шыққан орынды дәл анықтайды.