Павлодарлық дәрігерлер химиялық заттармен уланған балалардың өміріне араша болды

23 Қыркүйек 2024, 12:00
406
Бөлісу:
Павлодарлық дәрігерлер химиялық заттармен уланған балалардың өміріне араша болды
Фото: BAQ.KZ

Павлодарлық дәрігерлер химиялық заттар немесе медициналық препараттармен уланып қалған кәмелеттік жасқа толмағандардың өміріне араша болды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Жедел-жәрдем станциясының бригадалары балалардың улануы бойынша үш шақырту алып, зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетті. Бірінші жағдайда бір жарым жастағы қыз бала эталон ішіп, уланып қалған. Тағы екі жастағы ұлдар медикаментозды уланып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

Мамандардың айтуынша, олардың улану деңгейі жеңіл. Өмірлеріне қауіп жоқ.

Өкінішке қарай, ата-аналар балалардың әрекеттеріне мән бере қоймайды. Мәселен, сәбилер тазартқыш құралы бар бөтелкені оп-оңай аша алады. Осындаң жағдайлар қайғылы аяқталуы мүмкін. Сондықтан, ересектерге тұрмыстық химия мен дәрі-дәрмектерді балалардан алыс жерлерге сақтауға кеңес береміз, - дейді облыстық жедел-жәрдем станциясы директорының орынбасары Ольга Мищенко.

Өңірде балалардың тұрмыстық химиямен улану деректерінен бөлек, терезелерден құлау жағдайлары жиілеген. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ересектер қауымына балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды шақырады.

Терезеден құлау – балалардың жарақаттануы мен қайтыс болуының негізгі себептерінің қатарында. Олар үйдегі жиһаздарды пайдаланып, терезенің алдына мінуі мүмкін. Салдарынан москитті тормен бірге төменге құлап кетуі мүмкін. Ата-аналарға терезелерде арнайы бұғаттауыштарды пайдаланып, қараусыз қалдырмауды ескертеміз, - дейді мамандар.

Айта кетейік, аймақта жыл басынан бері 11 бала терезеден құлаған. Екі жағдай бала өлімімен аяқталды. 

Өзгелердің жаңалығы