Павлодарлық балабақшаларда жол ережелері бойынша сабақтар өткізіле бастады

21 Қыркүйек 2022, 13:00
1207
Бөлісу:
Павлодарлық балабақшаларда жол ережелері бойынша сабақтар өткізіле бастады
Фото: автордан

Ертіс өңіріндегі балабақшаларда жол ережелерін түсіндіру мақсатындағы сабақтар өткізіле бастады, деп хабарлайды Павлодардағы BAQ.KZ  тілшісі.

Жергілікті полиция қызметінің мамандары облыс орталығындағы балабақшаларда болды. Мақсат – сәбилерді жол ережелерін сақтауға үйрету. Сабақтың барлығы таза ауада және ойын түрінде өткізіледі.

Балғындарға жол ережелерін ойын түрінде түсіндіру маңызды. Жолдан өту, бағдаршамның түстері және жол белгілері туралы айту үшін көрнекілік құралдарын пайдаланамыз. Балабақша ұжымдары шараларды ұйымдастыруда көмек көрсетіп жатыр, - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Айбек Рақышев.

Облыстық полиция департаменті мамандарының мәліметінше, осы жылдың басынан бері өңірдің тас жолдарында 65 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, үш бала көз жұмған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 10 оқиғаға аз көрсеткіш. Сонымен қатар, 75 жеткіншек жарақат алып, ауруханаға түскен. Сол себепті, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау күн тәртібінен түскен емес. Өкінішке қарай, осы аптаның басында «Павлодар-Қызылорда» республикалық жолдың бойынша ірі апат болып, екі кәмелеттік толмаған бала тілге келместен көз жұмды. Қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында алдын алу шаралары үздіксіз жүргізіледі.

Балалардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған шаралар өткен жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жол ережелерін сақтау негізіндегі тәжірибелік сағаттар мектептерде де көптеп өткізіліп жатыр.

Аймақта «Қауіпсіз терезе» акциясы да ұйымдастырылды. Шара барысында ата-аналарға қарапайым сақтық шаралары түсіндірілді. 

Өзгелердің жаңалығы