Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тұрғыны Нұрсұлтан Бірлік 220 шақырымдық қайырымдылық марафонын жүгіріп өтті.
Қайырымдылық ультрамарафон үш күнге созылды. Әуесқой спортшы Баянауыл-Майқайың, Майқайың-Қалқаман және Қалқаман-Павлодар бағыты бойынша жүгіріп өтті. Мақсаты - халықты церебралды паралич ауруына шалдыққан Аңсар Дүйсекеевтің еміне қаржы жинауға шақыру. Алты жасар Аңсардың еміне 20 мың АҚШ доллары қажет. Ата-анасының айтуынша, баланың емін шетелдік емханалардың бірінде жалғастыру қажет. Қазіргі уақытта өздігінен жүруге қиналады.
Аңсардың ата-анасына қомақты қаржы керек. Халық болып бірісек, көмектесуге болады деген ойдамын. Ультрамарафоннан соң азаматтар хабарласа бастады. Әзірге қаражат біртіндеп жиналып жатыр. Балаларымыз ауырмаса деймін. Ал халқымыз, ел-жұрт көмек қолын созады деген сенімдемін. Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» қорына өтініщ білдіруді жоспарлап жатырмыз, - дейді Нұрсұлтан Бірлік.
Айта кетейік, бұл - Нұрсұлтан Бірлік бағындырған алғашқы ультрамарафондық қашықтық емес. Бұған дейін Семей-Павлодар бағыты бойынша Олжас Кәкімжановпен бірге 330 шақырымды еңсеріп, отандық рекордты жаңартты. Осылайша, павлодарлық желаяқтардың есімдері Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Азаматтың ендігі мақсаты - 500 шақырымды жүгіріп өту. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында қызу дайындық үстінде.