Павлодарлық оқушы байланыссыз дезинфектор өндіре бастады

26 Сәуір 2021, 18:30
1647
Бөлісу:
Павлодарлық оқушы байланыссыз дезинфектор өндіре бастады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласындағы №3 дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясының биылғы түлегі Баязет Ысқақов байланыссыз дезинфектор өндірісін қолға алды. 

16 жастағы жігіт өз атына жеке кәсіпкерлік ашып, төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Құрылғының ерекшелігі сол, антисептик қолдың қимылы бойынша ағылады. Осылайша, залалсыздандыру сұйықтығы үнемделіп, сыртқа шашырамайды. 

Кәсіпкер өнертабысын коммерцияландырмас бұрын ішкі және сыртқы нарықтағы дезинфекторлардың сапасын зерттеген. Нәтижесінде шетелдік аналогтарынан көптеген кемшілік анықталған. Мәселен, антисептик таусылып қалса, құрылғы өз бетінше жұмысын тоқтатады. Ал шетелдік құралдардың осындай қызметі жоқ. 

Павлодарлық оқушы байланыссыз дезинфектор өндіре бастады

Өнертабысты өткен жылы ойлап таптым. Менің ата-анам ауруханада жұмыс істейді. Пандемия басталғанда мекеменің ғимаратына дезинфектор орнатқан болатын. Нақтырақ айтқанда, электр сорғысы сұйықтықты алу кезінде тоқтамай жұмыс істеген. Техникалық ұжым дезинфекторға сұйықтықты құюға ұмытып кетіп, құрал сол беті қирап қалды. Бір сөзбен айтқанда, жанып кетті. Сол сәтте бұл кемшіліктерді ескеріп, жетілдіруді шештім. Жаңа корпус, жеке электронды плато пен схемаларын жаңарттық. Жаңа құрылғы осылай пайда болды, - дейді Баязет Ысқақов. 

Баязет Ысқақов құрылғысына «Бегемот-1» деген атау берген. Өнертапқыш үйінің жертөлесін өндірістік алаңға айналдырған. Шағын цехта 3D-принтерлер, өндіріске қажет құрал-жабдықтар орнатылған. 

Жобаны жүзеге асырмас бұрын нарықты толық зерттедік. Қытайлық, ресейлік және жапондық бес дезинфекторды көріп, сараптама жасадық. Олар сұранысқа ие болғанмен, өзіндік құны тым қымбат. Ең арзаны 120 мың теңге, ал ең қымбаты 420 мың тұрады. Корпустың материалы, құрылғының салмағы, энергия үнемдеуі бойынша кемшіліктері байқалды. Тәжірибе жүзінде бірнеше данасы жасалып, іске қосылды. Қазір облыстың бірнеше мекемесінде жұмыс істеп тұр, - дейді оқушы. 

Павлодарлық оқушы байланыссыз дезинфектор өндіре бастады

Корпусы сапалы пластмассадан жасалған. Құрылғының бағдарламалық қамсыздандырылуында да кемшіліктер байқалмайды. Бағасы - 72 мың теңге. 

Құралдағы ыдыстың сыйымдылығы - екі литр. Ал дезинфектордың салмағы 1 келі 700 грамды құрайды. Антисептиктен бөлек, сұйық сабын құюға болады. Қазір айына 30 дезинсектор жасауға қауқарымыз бар. Тапсырыс берушінің талабына сәйкес құрылғыны кәсіпорын немесе фирманың бренді бойынша жасай аламыз. Жұмыстың 90 пайызы автоматты түрде жүргізіледі. Адам қолымен бұйымды қораптарға салу мен жолдау жасалады, - дейді Баязет Ысқақов. 

Айта кетейік, дезинсектор моделі бойынша Кеден Одағының техникалық регламентіне сәйкес сертификаттар алынған.

Өзгелердің жаңалығы