Павлодарлық коллекционер үйінде 200 тарихи жәдігер жинаған

13 Қаңтар 2021, 04:37
1477
Бөлісу:
Павлодарлық коллекционер үйінде 200 тарихи жәдігер жинаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көктөбе ауылында тұратын Ерғанат Ахметовтің коллекциясында радиоқабылдағыштар, ескі тиындар, сіріңке қораптары мен басқа да түрлі заттар бар, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Ауыл тұрғыны көне жәдігерлерді жинауды сонау бала кезінде-ақ бастаған. Ол кезде ағам екеуміз сіріңке қораптары мен открыткаларды жинап жүргенбіз, деп есіне алады Ерғанат Ахметов.

Бір кездері көктөбелік коллекционер кактустарды жинаған. 20 шақты экзотикалық өсімдік жинаған ол кактус тікенектері балаларды жаралайды деп, жұбайының ақылына құлақ асып, бұл хоббиін доғарды.
Содан кейін мен радиоқабылдағыштарды жинай бастадым. Менде олардың 20-ға жуығы бар. 70 жылдардағы ескі латыш «Ригондалары» мен одан кейінгі модельдер бар, оның ішінде радиолалар, транзисторлар жетеді. Бәрі жұмыс істейді. Оларды достарым, таныстарым сыйға тартады, – дейді ол. 

Павлодарлық коллекционер үйінде 200 тарихи жәдігер жинаған

Көктөбе тұрғыны оларды тазалап, реттеп, заводтан шыққан беттегі қалпын келтіреді. Радиоқабылдағыштардың барлығы үйде, шаңырақтың көрнекті орындарында жайғастырылған. Ерғанат Ахметов сонымен бірге механикалық сағат, кеңестік сіріңке қораптары мен көне тиындарды жинайды. Жалпы саны 200-ге тарта жәдігер.

Үй музейіндегі біраз заттарды жергілікті музейге тапсыруға тура келді. Бірақ оның артықшылығы бар. Көктөбе тұрғындары ауылдасы Ерғанат Ахметовтің коллекциясын барып тамашалай алады. 

Павлодарлық коллекционер үйінде 200 тарихи жәдігер жинаған

Бұрынғы дүниелер көзге көрінетіндей үлкен болды, адамдар да оларға үлкен құрметпен қарайтын. Сырт келбеттері де ерекше болған еді. Оларды адамдар бар өнерін салып жасайтын, сондықтан ескі техника немесе жиһаз көпке шыдайтын. Қазір ше? Көп нәрсенің мәні кетті, адамдардың біразы радио сияқты зат болғанын білмейді де, – дейді Ерғанат Ахметов. 

Коллекционердің өзі Ақсу қалалық ветеринария бөлімінде бас маман болып істейді. Күн сайын Ерғанат Ахметов жұмысқа барып келу үшін 150 шақырым жол жүреді. Бұл, әсіресе, қыста оңайға соқпайды. Дегенмен, үйіңде отбасың мен сүйікті ісің күтіп тұрғанда жаның жадырай түседі, дейді Көктөбе тұрғыны.

Өзгелердің жаңалығы