Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің шағын және орта бизнес өкілдері халықты екпе салдыртуға шақырды.
Пандемия салдарынан аймақтағы қызмет көрсету, тамақтану немесе сауда саласының өкілдері зардап шеккені белгілі. Бизнесмендердің айтуынша, өткеннен сабақ алу керек. Коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтату мақсатында әрекет етіп, екпе алған жөн.
Әрі кәсіпорын басшысы Жамилә Ерназарованың айтуынша, былтыр серіктестермен іскери қарым-қатынас пен ұжымды сақтап қалу қиынға соққан.
Бұл жағдайдың қайталануына жол бермеудің бір жолы - жаппай екпе алу, ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Сондықтан, бұл тұрғыда жұмыскерлеріме қолдау көрсетемін. Вакциналаудан өткен мамандарға ақылы бірнеше күндік демалыс ұсынамын, - дейді Жәмилә Ерназарова.
Еске сала кетсек, осы жылдың басында облыс коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша «қызыл» аймақта ұзақ уақыт болды. Салдарынан шағын және бизнес нысандары, нақтырақ айтқанда, қоғамдық тамақтану орындары 88 күн бойы тұралап қалды. Шектеу шаралары кезінде мейрамханалар мен дәмханалар, сұлулық салондары сияқты нысандар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды.
Облыс орталығындағы ірі сұлулық салоннының жетекшісі Мария Михайлюктің айтуынша, өткен жылы жұмыс істеу қиынға соққан.
Ұжымымда 40 адам жұмыс істейді. Оларға вакцинаның тиімділігі туралы түсіндіру - күрделі іс. Әрине, біз жағдайдың қайталанғанын қаламаймыз. Сол себепті санитарлық талаптарды бұзбауға тырысамыз. Қазіргі уақытта мамандардың қаншасы екпе алғаны туралы айта алмаймын. Дегенмен, басым бөлігі иммундау шараларына белсенді қатысты. Екпені неғұрлым тез жасасақ, бұрынғы қалыпты жұмысқа соғұрлым тез ораламыз, - дейді Мария Михайлюк.
Әйелдер киімдері дүкенінің басшысы Нұргүл Айғожинаның айтуынша, шектеу шаралары кезінде сауда нүктесі тауарды жеткізу арқылы жұмыс істеген. Десе де, бұл әдіс жұмыс қарқынын бірнеше есеге азайтқан.
Тұтынушыларымыз үшін жеткізу қызметі арқылы тауар алу үйреншікті емес. Олар көбінесе дүкенге келіп, киімді киіп көруді қалайды. Осылайша, біз сатып алушыларымыздың 30%-ын ғана ұстап қалдық. Басым бөлігін жоғалтып алдық. Қаржылық көрсеткіштеріміз төмендеп кетті. Толыққанды кіріске жазда ғана шықтық. Енді екінші дүкенімді ашпақпын. Әрине жағдай қайталанбаса деймін. Сондықтан, өзім және отбасым вакцинаны ойланбастан алды, - дейді Нұргүл Айғожина.
Үстіміздегі жылдың бірнеше айында қызмет көрсету және тамақтану орындарының 70%-ы жабылып қалды. Ал карантинге дейін 490 нысан жұмыс істеген.
Бүгінгі таңда вакцина алушылардың саны үш есеге артқан. Бұған дейін күніне 1000 азамат екпе алса, қазіргі уақытта көрсеткіш 3000-ға жеткен. Тұрғындардың ыңғайлылығы үшін ірі сауда орталықтарында көшпелі медициналық екпе пункттері жұмыс істейді.