Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің еріктілері аймақтағы провизорлық госпитальдердің сұранысқа ие құрал-жабдықтармен қамтуды қолға алған. Медициналық мекемелерге қолдау көрсеткендердің қатарында жергілікті кәсіпорындар да бар.
Волонтерлік ұйым өкілдерінің айтуынша, провизорлық орталықтарға дәрі тамызғыштарға арналған штативтер мен төсек жаймалары қажет. Алдағы бірнеше күннің ішінде бұл мәселе біртіндеп шешімін таппақ.
Аймақтағы "Ақкөңілділер клубының" белсенділері бірнеше күннің ішінде дәрі тамызғышқа арналған тіректердің 200 данасын жасап үлгерді. Ұйым мүшесі Ерлан Құрманбаевтың айтуынша, штативтерді пластмасса құбырлары мен сентехникалық құбырлардан жинауға болады.
Қазіргі уақытта провизорлық госпитальдерде дәрі тамызғышқа арналған құралдар тапшы. Біз өз қолымыздан жасауды шештік. Себебі, сатып алғыңыз келсек, дәріханалардан таба алмауымыз әбден мүмкін. Біз тез әрі арзанға шығатын құрал жасағымыз келді. Штативтерді өз кеңсемізде жасап жатырмыз. Жуырда Баянауыл ауданыдық ауруханасының өкілдері хабарласып, өтініштерін білдірді. Баянауылдық дәрігерлерге де көмектскіміз келеді, - дейді Ерлан Құрманбаев.
Клуб мүшелері қайырымдылық бағытындағы жұмыстарын жандандырған. Бүгінгі таңда ұйымның кеңсесіне мейірімді жандар азық-түлік, медициналық бұйымдар, дәрі-дәрмектер мен киім-кешек әкеліп жатыр. Ал волонтерлер оларды үйлестіріп, отбасыларға таратуда.
Госпитальдерге көмек көрсетуге ынталанып жатқандардың ішінде жергілікті тігін цехтері де бар. Шағын тігін фабрикаларының бірі 2,5 мың метр мата бөліп, госпитальдерге төсек жайма тігіп бермекші.
Кәсіпорынның коммерциялық директоры Дамиржан Алпысбаевтың айтуынша, алдағы уақытта 1000 төсек жайма тігіледі.
Провизорлық госпитальдерге төсек-орын бұйымдары керек екенін естіп, көмек қолын созуды ұйғардық. Қазір цехте жұмыс қызу. Сонымен қатар, бетперде тігіп жатырмыз. Өндірісті тез арада қолға алдық. Жеке қорғаныс құралдарын да емдеу орындарына жеткіземіз, - дейді Дамиржан Алпысбаев.
Айта кетейік, бүгінде провизорлық орындарында еңбек етіп жүрген дәрігерлерді ыстық тамақпен қамту жұмысы да ретке келтірліді. Аймақтың кәсіподақ ұйымдарының мұрындық болуымен дәрігерлер ыыстық тамақпен қамтылған.