Павлодар. BAQ.KZ. Ертіс өңіріндегі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 35 түрлі ұлт өкілі білім алады. Жоғары оқу орны әдемде бәсекеге қабілетті бірыңғай білім беру кеңістігін құруға бағыт алған.
Сала мамандарының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстардың бір парасы білім беру үрдістерін интернационалдандыруға негізделеді. Оның бірнеше құралы бар: академиялық мобильділік, шетелдік ғалымдарды тарту, шетелдік студенттергі білім беру, гранттық
білім беру бағдарламалары. Бүгінде университетте 250-ден астам шетелдік студент оқып жүр. Қазіргі таңда Ертіс өңіріне сапалы білім қуып келгендердің қатарында алсытағы Африка мен Пәкістаннан келген студенттер де бар. Өткен оқу жылында университетте 132
шетелдік пен Foundation факультетінің 82 тыңдаушысы оқыған. Олардың ішінде Моңғолия, Қытай, Ресей, Нигерия, Қырғызстан, Армения жастары болды.
Интесар Ахмет - Пәкістан азаматы. Павлодарға бір жыл бұрын келіп, "Қазақ филологиясы" факультетіне түскен. Оқу үлгерімі жаман емес, бір жыл ішінде мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп алған.
Бастапқыда суық климатқа үйрене алмадым. Шошып кеттім. Біздің елде қыста ауа темпетарурасы небары +5+10 градус болса, мұнда күннің суығы -40-қа жетеді екен. Қазақ тілін тәп-тәуір меңгердім. Себебі, пәкістандық "урду" тілі қазақ тіліне ұқсас. Павлодар - жарқын жүзді халқы бар қала. Өзбектер, қазақтар, орыстар мен қырғыздарды көргенде таңғалдым. Біз үшін - бұл таңсық дүние, - дейді Интесар Ахмет.Жас азамат болашақта Отанына оралып, ағылшын, қазақ және урду тілдерінің репетиторы болып еңбек етпекші. Ал Ноа Салако - сонау Нигериядан келген азамат. Бүгінде "Машина жасау" фкультетінің үшінші курсында оқиды.
Бастапқы кезде тілді білмегендіктен, түрлі кедергілерге тап болдым. Сондықтан, қазақ және орыс тілдерін меңгеру мақсатын қойдым. Қиналғаным соншалық, Мәскеудегі ағама хабарласып, орыс тілін үйренудің қыр-сырын сұрап отырдым. Білім сапасы көңілімнен шығады. Бірақ, бір ұнамайтын нәрсе бар. Павлодарда үш жыл тұрып жатсам да, көшедегі адамдар менімен фотоға түскісі келе береді, - дейді Ноа.
Қазіргі уақытта студент оқумен қатар бағдарламалау және ағылшын тілінен сабақ беріп, нәпақа тауып жүр. Оқуын тәмамдағаннан соң магистратураға түспекші. Бүгінде өз алдына отандық ІТ-саласын дамыту мақсатын қойып отыр. Қазақстанның азаматтығын
алуды да ойластырып жүр.
Студенттер қауымы өздері білім алатын университетті "Кіші Ассамблея" деп атап кеткен. Университет басшылы оларға білім берумен қатар, 130-дан астам ұлтты бір арнаға тоғыстырған елдің саналуан мәдениетін таныстыруды да мақсат еткен.