Астана, BAQ.KZ. Павлодарда адамның бет әлпеті немесе саусақ іздерін анықтау арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жобасын қыркүйек айынан бастап енгізу жоспарлануда. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Азаматтарға арналған Үкімет» «МК» ҰАҚ-ың Павлодар облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Салтанат Ауппаева мәлім етті.
«Енді азаматтар мемлекеттік қызметті бет-әлпеті немесе саусақ іздерінің көмегімен ЭЦҚ немесе жеке құжаттарды ұсынбай-ақ ала алады. Бұл базаны қаржылық, коммерциялық салаларда, қызмет көрсету және қауіпсіздік, сонымен қатар, ғимаратқа кіру жүйесінде қолдануға болады. Бұл жерде азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау күшейтіледі, өздігінен алынатын қызметтердің саны артады және қызметтерді алу барысында бөтен адамдардың қатысу деректері жойылады», - деді Салтанат Ауппаева.
Спикердің айтуынша, бүгінде қызметтерді алу барысындағы бөтен адамның араласу қаупі өзекті болып отыр.
«Азаматтардың көбісі ЭЦҚ (эдектрондық цифрлық қолтаңба) құпия сақтау маңызды екенін түсінбеуде. ЭЦҚ-ны алғаннан кейін оны қайда сақтағанын, құпия сөзін ұмытып қалып жатады. Өзі ұмытып қалғаннан кейін бөтен адам сол ЭЦҚ арқылы алаяқтық әрекеттер жасауы мүмкін. Мысалы, өзге бір өңірде бір адамның қолтаңбасы арқылы бөтен адам ЖШС ашып, кәсіпкерлікпен айналысқан. Нәтижесінде ЖШС-тің салығы ЭЦҚ иесіне келіп түсті. Сол себепті, ЭЦҚ-ға мұқият қарамау басқа адамның алаяқтық әрекетіне жол ашуы мүмкін. Ал, қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысында ондай жағдай тіркелген жоқ. Алдағы уақытта енгізілетін жоба бұндай қауіптің алдын алуға көмектеседі», - деді Салтанат Ауппаева.
Айта кетейік, пилоттық жоба 2018 жылдың 12 желтоқсанында Астана және Алматы қалаларында жүзеге асырылды. Ал облыс орталықтарында үстіміздегі жылдың қыркүйек айында іске қосылады.