Ертіс өңірінің орталық жағажайында тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында ақылды камералар орнатылды, деп хабарлайды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Олег Трещевтің айтуынша, бұдан былай шомылушылар арнайы белгіден асып өтсе, ақылды құрылғы дыбыстық дабыл береді.
Пилоттық жоба орталық жағажайда жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, адам терең жерге кетіп қалғанын және бұл әрекет қауіпті екенін түсінеді. Құтқарушылар да хабардар болады. Ертең ақылды құрылғылар сынақтан өтеді. Сәтін салса, шомылу орындарында 40 камера орнатылады. Жаңашыл әдіс бүгінде Алматы өңіріндегі Сайран су қоймасында енгізілген. Идеяны жүзеге асыруға жергілікті атқарушы билік атсалысқан.
Облыс аумағында 42 жағажай бар. Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан өткен және түбі тексерілген 23 шомылу орны ашық. Қалған нысандарда тексеріс жүріп жатыр. Жаз мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 200-ге жуық қоғамдық құтқарушы даярланды. Оқыту жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар жағажайларда құтқарушылар кезекшілік атқарады, - дейді Олег Трещев.
Айта кетейік, шомылу маусымы басталғалы үш адам суға кеткен. Олардың бірі – жеткіншек. Осы кезеңде ересектердің қарауынсыз су айдындарында жүрген балалар да анықталып жатыр. Олардың барлығы суға түсуге рұқсат жоқ жерлерде жүрген.
Құтқару жасақтары жаз бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді.