Павлодардың тағы екі ауылынан құс тұмауы анықталды

25 Қыркүйек 2020, 23:42
1769
Бөлісу:
Павлодардың тағы екі ауылынан құс тұмауы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық патологиялық сараптама нәтижелерін жіберді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Железин аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Қаңтарбаевтың айтуынша, Жаңа жұлдыз ауылында 1 қыркүйектен бастап 2187 бас құс өлген.
Біз алған нәтижелер оң болып шығып, дереу жерді жыртып, ауыл шетіне бекет орнаттық. Дүйсенбіге қарай біз жоғары патогенді құс тұмауының анықталуына байланысты Жаңа жұлдыз ауылының аумағында карантин орнату туралы ауылдық округ әкімінің шешімінің заңды растамасын аламыз, - деді Бауыржан Қаңтарбаев.
Эпизоотияға қарсы топтың қызметкерлері қазірдің өзінде Железин ауданындағы Ақтау ауылында 1500-ге жуық құстың 300-ге жуық басын ұстап, көзін жойған. Бұнда карантин 23 қыркүйекте енгізілді.

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Рашид Нұрбеков Ертіс ауданындағы Ағашорын ауылында 56 үй құсы өліп, сараптама нәтижесі құс тұмауын анықтағанын айтты.
Ертең біз ол жерге тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін барамыз. Ауыл әкімінің шешімі тіркелген бойда құстарды ұстап, жоятын боламыз, - дейді Рашид Нұрбеков.

Сонымен қатар, ведомство басшысының айтуынша, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа Баянауыл мен Ақтоғай аудандарынан алынған материалдар сараптамаға жіберілген. Ол жерлерде де құс өлімі тіркелген.
Өлім-жітім аз, дегенмен біз қауіпті ауруларды болдырмауға тиіспіз. Әзірге індет болуы мүмкін деген күдік бар. Айтпақшы, Ақтоғайдағы сараптамадан үш рет теріс нәтиже алған болатынбыз, - деді Рашид Нұрбеков. 

Еске салайық, Жаңа жұлдыз ауылында құстар 5 қыркүйектен бастап өле бастаған. Алайда, сараптама нәтижелері індет жоқтығын көрсеткен. Ауылда, ақылы вакцинация жүргізіліп, 5 мың вакцина дозасы сатып алынған. 

Мамандар ауруды Ресейдің Челябинск облысынан қоныс аударған құстар әкелді деп болжауда. Індетті көбіне жабайы құстар тасымалдайды. Олардың иммунитеті мықты. Сондықтан олар өліп қалмай, тасымалдай береді.

Облыс тұрғындарына аң аулауға шықпауға және ауланған аң етін жемеуге кеңес берілуде. 

Мемлекет жойылған құс иелеріне нарықтағы баға бойынша өтемін төлейді. Өңірге құс тұмауына қарсы вакцинаның 456 мың дозасы жеткізілген.
Өзгелердің жаңалығы