Павлодар қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған орталық келесі жылы адам танымастай өзгереді. Келесі жылы әлеуметтік нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 2 млрд теңге бөлінеді. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізумен қатар, құрал-жабдықтар мен жиһаздар жаңартылады.
Қарттар үйінің басшысы Марина Стрелковскаяның айтуынша, 1974 жылы салынған ғимарат жөндеуді қажет етеді.
Негізгі мақсат – заманауи құрылыс нормаларына сай оңтайландыру. Сонымен қатар, бөлмелерді біріктіруді көздеп отырмыз. Сонда бір адам тұрады. Жоба бойынша жеке санитарлық торап пен жуына орны да қарастырылған. Біздің ойымызша, қарттар мен мүгедектер үйінің әр тұрғыны жеке кеңістікке ие болу керек. Мәселен егде жастағы қарттарымыз бөлек тұрғысы келеді. Сондықтан, олардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз еткіміз келеді, - дейді Марина Стрелковская.
Орталық 273 қарт пен мүгедекке пана болып отыр. Олардың 100-ге жуығы – мүмкіндігі шектеулі азамат. Бүгінгі таңда республика деңгейінде мүгедектер мен қарттарды бір орталыққа біріктірудің қаншалықты тиімді екені талқыланып жатыр. Бұл туралы Respublica партиясының Мәжіліс депутаты Динара Наумова өңірге сапары барысында айтты.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарттарға әр түрлы күтім керек. Оларды медициналық-әлеуметтік қолдау, жағдай жасау бойынша ажыратып алу қажет. Бұл мәселе мен үшін аса маңызды. Бұл жайтты Мәжіліс және депутаттық сауалдар деңгейінде көтеріп, әріптестерімізбен айналысатын боламыз. Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындар басқа әлеуметтік мекемелерге уақытша көшіріледі. Бұл жағдай бақылауымызда болады, - дейді депутат.