Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің мектептерінде «Бала - басты жүргінші» акциясы басталды. Басты мақсат - жеткіншектердің жол-көлік оқиғаларына ұшырау деректерін азайтып, оқушыларды жол ережелерін сақтау мәдениетіне баулу.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері жол-көлік оқиғасында 21 бала зардап шегіп, жарақат алған. Олардың қатарындағы бір оқушы көз жұмды. Ал өткен жылы сәйкес кезеңде 15 ұл-қыз жол апатына ұшыраған.
Оқыс жағдайларға жол бермеу мақсатында полицейлер жол ережелері бойынша бағдарлама әзірлеп, оқушыларға көрсетуде. Теориялық сабақтармен қатар, таза ауада тәжірибелік сабақтарды өткізіледі.
Павлодар қалалық жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы Айбек Рақышевтың айтуынша, бірінші кезекте балалар оқитын мектептердің маңайы қауіпсіз болған жөн.
Білім беру ошақтарының жанында жол, бағдаршам болу керек. Сонымен қатар, біз патрульдеу жүргізуге қолайлы жағдайлар болуы шарт. Біз бағдаршамдардың жұмысы мен жол белгілерінің жағдайын тексеріп отырамыз. Олқылықтар немесе қандай да бұзушылықтарды байқасақ, жауапты мекемелерге бірден хабарлаймыз, - дейді Айбек Рақышев.
Балаларды жол ережелеріне үйретуге ювеналды полиция қызметкерлері де атсалысуда.
Пандемия кезінде балалар арасында жол ережелері бойынша сабақтар онлайн форматта жүргізілді. Енді мектептерге келіп, сабақ өткізе бастадық. Ең бастысы - жеткіншектерге жол ережелері туралы түсінік беру. Бірақ, бұнымен шектелмейміз. Біз балаларды полицейлердің жұмысымен таныстырамыз. Апат болған жерлерді көрсетеміз. Жол-көлік оқиғасының зардабын тартқан азаматтармен де сұхбаттасамыз. Бұл теориялық білім беруден гөрі әлдеқайда тиімді, - дейді облыстық полиция департаменті ювеналды полиция тобының аға инспекторы Бибігүл Қамзина.
«Бала - басты жүргінші» шарасы аясында мамандар мектептерде дәріс оқиды. Бұдан бөлек оқушылар тәртіп сақшыларының жұмысымен жақын танысу мүмкіндігіне ие. «Мен және менің полицейім» шарасы барысында оқушылар полиция департаментінің құрылымдарында болып, мамандардың жұмысын іштен бақылай алады.