Астана, BAQ.KZ. Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылында «Патронаттық тәрбие үлгісі: өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары, даму перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
«Шараның мақсаты – қоғамның назарын кәсіби отбасының баламалы түрі ретінде патронаттық тәрбие үлгісінде әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жеңу саласындағы мәселелерге аудару. Былтыр облыс орталығынынде бес бала патронаттық отбасының тәрбиесіне тапсырылса, биыл үш баланы алуға ниет білдірген», - дейді қалалық білім беру бөлімі қамқорлық және қорғаншылық секторының жетекшісі Әсия Дүйсенбекова.
Кездесуге Павлодар қаласы білім беру бөлімі қорғаншылық және қамқоршылық секторы, Павлодар қаласының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, облыстық мамандандырылған балалар үйі, «Ана үйі» ҚҚ және Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылының мамандары, патронаттық тәрбиешілер, патронаттық тәрбиешілерге үміткерлер қатысты.
Дөңгелек үстел басында қатысушылар қаладағы патронаттық тәрбиені дамыту, әлеуметтік жетімдік мәселелерін талқылады. Патронаттық тәрбиешілер дөңгелек үстелге қатысушылармен өздерінің жұмыс тәжірибесімен бөлісті, өз отбасы шеңберінде патронаттық тәрбие мәселелерін шешу жолдары туралы айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша патронаттық тәрбиені дамыту бойынша одан арғы жұмыс туралы әдістемелік ұсыныстар әзірленді.