Павлодарда жерасты суы көтерілуі мүмкін аудандар бақылауға алынды

3 Наурыз 2019, 14:53
1775
Бөлісу:
Павлодарда жерасты суы көтерілуі мүмкін аудандар бақылауға алынды
Фото: автордан

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығында жерасты сулары көтерілуі ықтимал шағын аудандарда коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметінің мамандары апатты алдын алу шараларын қолға алды.

Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ринат Валишановтың айтуынша, бүгінде су жиналуы ықтимал төмен жатқан 50-ге жуық учаске анықталған. Бұл жерлерде бақылау күшейтілді.

«Жерасты сулары көтерілуі ықтимал шағын аудандарда 20 гидробекет жұмыс істеп жатыр. Мамандар топырақ суының деңгейін тәуілігіне үш рет өлшеп, мониторинг жүргізуде. Осы уақытқа дейін судың көтерілуі анықталған жоқ», - дейді Ринат Валишанов.

Сала мамандары соғы бірнеше жыл бойы жерасты суларының көтерілуінен зардап шегетін Екінші Павлодар шағын ауданын бақылауға алды. Өткен жылғы көктемде шағын аудан тұрғындарының үйлеріне су кірген. Жерасты сулары салдарынан 200-ден астам баспана қирады.

Павлодар қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Николай Казаниннің айтуынша, шағын ауданды апаттан құтқару мақсатында нөсерлі және дренаж жүйесі жаңадан тартылады.

«Аумақта топырақ суы басуы мүмкін 14 көше анықталды. 500-ден астам үй тұрған жерлерде су көтерілуі ықтимал. Бұл көшелерде қар тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 3 мың тонна қар шығарылды. Көктемде тір дренаж жүйесінің сегіз ұңғыма жұмыс істей бастайды. Екінші Павлодар шағын ауданында алып қазаншұңқыр да салынды. Нысанға 5,5 мың текше метр су жинала алады», - дейді Николай Казанин.

Өзгелердің жаңалығы