Алдағы уақытта Павлодардан еліміздің өзге облыстарына жолаушы тасымалдайтын жаңа әуерейстерді іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Бүгінгі таңда жергілікті әуежайдан аптасына Алматы бағыты бойынша 14 рейс жүзеге асырылады. Биыл әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жоспарланған. Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінген.
Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омардың айтуынша, қазіргі уақытта мердігер ұйым жарық сигналды жабдық пен өзге материалдарды тасымалдау бойынша келісімшарттар жасап жатыр. Жыл соңына дейін перрон, периметрлі қоршау, жарық және бейнебақылау жүйелері орнатылады.
Жаңа бағыттарды ашпас бұрын ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Реконструкция жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқарылуда. Тиісті жұмыстар аяқталған соң Астанаға әуерейстерін жаңартамыз. Сонымен қатар Шымкент, Қызылорда және Түркістан қалаларына жолаушы тасымалдайтын әуе бағыттарын ашу мәселесін қарастырамыз. Жаңа рейстерді іске қосу шараларын 2026 жылы бастаймыз деген жоспар бар. Бұл мәселе салалық министрліктің жіті бақылауында, - дейді Нариман Омар.
Теміржол инфрақұрылымына тоқталсақ, қазіргі уақытта Екібастұз қаласының вокзалында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба шеңберінде ғимараттың қасбеті, жылу жүйесі жаңартылады. Осы күнге дейін жөндеу жұмыстарының 60%-ы аяқталды.