Павлодарда жабық сайлау учаскелері жұмыс істеп жатыр

20 Қараша 2022, 11:16
729
Бөлісу:
Павлодарда жабық сайлау учаскелері жұмыс істеп жатыр
Фото: автордан

Ертіс өңірінде жабық сайлау учаскелері жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Таңғы сағат 07:00-де уақытша сайлау абақтысының жанындағы №120 сайлау учаскесі ашылды. Бүгін тергеуде жүрген 146 азамат дауыс беру құқығын пайдаланды. Олардың қатарындағы үш азамат сайлауға алғаш рет қатысты. 

Бостандықта болған кезде де сайлауларға белсенді қатысып жүрмін. Бүгін де азаматтық борышымды орындауға келдім. Себебі, әр адамның дауысы маңызды. Қазіргі уақытта сот шешімін күтіп жүрген жайым бар. Шешім әділ болады деген сенімдемін, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Жәнібек Кәлемшәріпов.

Дауыс беруді жөн санағандардың қатарында Данил Генералов бар. Жас жігіт те абақтыда сот шешімін күтіп отыр. 

Бостандығыма шектеу қойылса да, дауыс беру – азаматтық құқығым. Әр дауыстың мән-маңызы зор. Еркіндікте жүргенімде де еш сайлауды босатқан жоқпын. Әрдайым барып, таңдау жасап жүрдім. Осы жолы да Президент сайлауына қатысуға шешім қабылдадым, - дейді Данил Генералов.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Әділет Мұстафиновтың айтуынша, жабық сайлау учаскесінің жұмысы заңға сәйкес, рет ретімен жұмыс істеп жатыр. 

146 азаматтың тоғызы – әйел. Тергеудегі үш адам алғашқы рет дауыс берді. Олар – 18 жасқа толғандар. Әр дауыс берушіні учаскеге қызметкерлеріміз жеткізді. Сайлау учаскесі заңға сәйкес жабдықталды. Сайлауға дейін мекемеміздің құжаттандыру бөлімі үлкен жұмыс атқарды. Себебі, тергеудегі адамдардың ішінде жылдар бойы құжатсыз жүргендері бар. Сол азаматтың құжаттарды реттелді, - дейді Әділет Мұстафинов. 

Облыста 510 847 сацлаушы тіркелген. 528 учаске жұмыс істеп тұр. Олардың 138-і – Павлодар қаласында орналасқан. 

Өзгелердің жаңалығы