Павлодарда заңсыз саудаланған 300-ге жуық электронды темекі тәркіленді

2 Шілде 2024, 21:09
504
Бөлісу:
Павлодарда заңсыз саудаланған 300-ге жуық электронды темекі тәркіленді
Фото: pixabay.com/ru

Павлодар облысында бірнеше күн ішінде заңсыз саудаланған 300-ге жуық электронды темекі тәркіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Қамбар Кабдулиннің айтуынша, өңірде темекі өнімдері нарығында заңсыз саудалау шаралары жуырда енгізілген «Вейптерді сату және енгізуге тыйым салатын ҚР заңнамасын түсіндіру» заңнамасы шеңберінде қолға алынды.

Вейп, ароматизаторлар мен оларға арналған сұйықтықтарды саудалаумен күрес мақсатында мемлекеттік кірістер органдарымен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, вейптер мен электронды темекілердің тіркеу-бақылау белгілері мен сәйкестендіру құралдары тексерілді. Жүргізілген жедел шаралар барысында бір рет қолданылатын 292 дана электронды темекі және оларға арналған сұйықтықтар анықталды. Жалпы сомасы 1,4 млн теңгені құрады. Тәркіленген электронды темекі мен вейптердің жалпы саны - 9 302 қорап. Тексеріс барысында жалпы құны 38,2 млн теңге болатын кальянға арналған темекі бұйымдарының құжаттары жоқ болып шықты. Зиянды заттарды саудалайтындар үшін қылмыстық жаза қарастырылған, - дейді Қамбар Қабдуллин.

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Төлеген Шаймардановтың айтуынша, мониторинг барысында темекі өнімдерін заңсыз сату бойынша 12 дерек тіркелді.

Бес мыңнан астам қорап шылым, екі мыңға жуық вейп анықталды. Өнімдердің идентификациясы жоқ болып шықты, яғни, заңсыз сатылды. Заңнама күшіне енген соң нарық жіті бақылауымызда болады. Жалпы, Павлодар облысының аумағында темекі өнімдерін сататын 14 салық төлеуші тіркелген, - дейді Төлеген Шаймарданов.

Өзгелердің жаңалығы