Павлодар қаласының прокурорлары облыс орталығында нүктелі құрылысқа жол бермеді. Өйткені, жергілікті атқарушы билік бекіткен акті сот тәртібі бойынша заңсыз деп танылып, күшін жойды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Павлодар қаласы прокурорының орынбасары Дархан Әметаевтің айтуынша, өткен жылы шаһар әкімдігі жалпы аумағы 364 гектар болатын 9 көппәтерлі тұрғын үйлерді салу бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бекіткен.
Бұл құрылыс құжаты қала құрылысының Бас жоспарына қайшы келеді. Өйткені, бас жоспарда құрылыс нысандары 4-5 қабаттан аспауы тиіс делінген. Прокурорлардың арызы бойынша акті заңсыз деп танылды. Күшін жойған жоспар бойынша тоғыз қабатты баспаналарды салу жоспарланған. Құрылыс аумағы ретінде Бұқар жырау, Естай, Кривенко, Абай, Академик Марғұлан, Достаевский, Горький және Генерал Дүйсенов көшелерінің шекаралары таңдалған. Бірақ, бұл жерде нүктелі құрылысқа жол берілмейді, - дейді Дархан Әметаев.
Заңсыз әрекетке жол берген Павлодар қаласының бас сәулетшісі қызметінен босатылды.
Айта кетейік, бұған дейін «Баянауыл» ұлттық паркінің аумағында жүргізілген прокурорлық тексеріс нәтижесінде заңсыз құрылыс нысандары анықталды. Заңсыз алынған жер учаскелерін босату және рұқсатсыз салынған ғимараттарды бұзылуда Екі гектарға жуық жердегі төрт нысан сүріледі.
Қадағалау органы өкілдерінің наразылығы бойынша шамамен 70 демалыс орны, мейрамханалар жалға алатын жер учаскелерінің төлемдерінен босатылды.
«Осылайша, «Баянауыл» ұлттық паркі жыл сайын шамамен 230 млн теңгенің шығынына ұшырайды. Бұл қаражатты табиғатты қорғау шаралары, қызметкерлердің жалақысына бағыттауға болар еді», - дейді прокурорлар.