Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында заңсыз балық аулау бойынша 65 әкімшілік хаттама толтырылған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нариман Жүнісов мәлім етті, деп жазады pavlodarnews.kz.
«Балық шаруашылығы ғылымының ақпараты мен инспекция жүргізген ихтиологиялық бақылаулардың нәтижесінде ағымдағы жылы Павлодар облысының балық шаруашылығы су қоймаларында балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдайлар анықталды. Құзіретті органдармен жануарлар әлемін сақтау және қолайлы жағдай жасау үшін белгілі уақыт аралығында су қоймаларында балық аулауға тыйым салынады. Биыл облысымыздағы су қоймаларында 10 мамырдан бастап, 20 маусымға дейін шектеу қойылды. Сондай-ақ 2019 жылғы уылдырық шашу кезеңінде облыстағы су қоймаларында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу жағдайлары тіркелді. Жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде 65 әкімшілік хаттама толтырылды», - деді Нариман Жүнісов.
853,4 мың теңгеге айыппұлдар жазылып, оның 689,3 мың теңгесі өндіріліп алынды. Ұсталғандардан 19 браконьерлік құрал тәркіленді. 5 әкімшілік материал облыстың әкімшілік соттарына жіберілді.
Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 жартысында жыл бойы аулауға тыйым салынған сүйрік балығын аулау бойынша 2 жағдай анықталған.
«Бірінші Павлодар ауданында 20 келі сүйрік аулаған адам ұсталды Ол адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, өз еркімен айыппұл төледі. Екінші жағдай Тереңкөл ауданында тіркеліп, 4 келіден астам сүйрік аулау белгілі болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деді инспекция басшысы.
Айта кетейік, облыста үш деңгейдегі балық аулауға арналған су қоймалары бар. Ертіс өзені –халықаралық маңызға ие болса, 9 республикалық, жергілікті маңызға ие 265 суқоймасы тіркелген. 1 шілдедегі жағдай бойынша 106 су қоймасы 37 жануарлар әлемін қолданушыларға бекітілген.