Павлодардағы ірі сауда орындары полиэтилен пакеттен бас тартуда

14 Қараша 2019, 21:56
2412
Бөлісу:
Павлодардағы ірі сауда орындары полиэтилен пакеттен бас тартуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертіс өңірінің ірі сауда орындары зиянды полиэтилен дорбаларынан бас тарта бастады, деп хабарлады "Хабар 24".

Эколог-мамандардың бұл бастамасын онға жуық супермаркет қолдады. Қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейтін пакеттерге кезең-кезеңмен көшу жоспарланған. Мамандардың мәліметінше, елімізде күн сайын 15 млн дорба өндіріледі. Ал бір жыл ішінде әлемде төрт триллион пакет шығарылады. Осылайша, қоршаған ортаны зиянды өнімдермен ластау белең алып жатыр. Оны тоқтату үшін сауда орындарына қағаз пакеттер немесе тығыздығы төмен жұқа дорбаларды сату ұсынылған.

Айта кетейік, Павлодар облысында күніне 700 тоннаға жуық қатты қоқыс тасталады. Оның 15%-ке жуығы пластмасс өнімдеріне тиесілі. Сәйкесінше, осы қоқыс түрін қайта өңдейтін және сұрыптайтын 12 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. 
Біз қатты полиэтилен пакеттерін қолдануды тоқтаттық. Тұтынушыларды көп рет пайдалануға болатын экопакеттерді сатып алуға үгіттеп жатырмыз. Біздің супармеркетке күніне мыңдаған адам келеді. Оларға тек тез шіритін әрі табиғатқа зиян келтірмейтін дорбаларды ұсынамыз. Ең бастысы, түсінік бар, - дейді сауда залының басқарушысы Нафиса Қадырова.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары тығыздығы 20 микрокрон болатын жұқа дорбаларды айналымға енгізу ұсынылғаны туралы айтты.
Кей ірі дүкендерде полиэтилен дорбалары тегін таратылады. Бұл қоршаған ортаға зиян екені белгілі. Сондықтан пакеттер мен қаптамаларды ақылы негізде таратуды ұсындық. Оларды аз тұтыну қажет. Сонымен қатар тығыздығы жоғары пакеттерді қолданудан біртіндеп бас тартып, тығыздығы 20 микрокрон болатын жұқа дорбаларды айналымға енгізу ұсынылды. Ұсыныс қолдау тапты, - дейді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов.


Өзгелердің жаңалығы