Павлодар облысының тұрғынын қорқытып, ақша бопсалаған үш күдікті қолға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ҰҚҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, Павлодар облысы прокуратурасын үйлестіруімен бопсалау қылмысы бойынша күдікке ілінген азаматтарды ұстады.
Полицияға жергілікті тұрғын бірнеше ай бойы күдіктілердің оған қоқан-лоққы, зорлық-зомбылық көрсетіп, қолма-қол ақша алғанын айтты.
Полиция қызметкерлері анықтағандай, Ақсу қаласының үш тұрғыны өздерінің дене бітімін пайдалана отырып, жәбірленушіден жүйелі түрде ақша бопсалай бастаған және 100 мың теңге иемденген. Сондай-ақ күдіктілердің бірі осындай қылмыс жасағаны үшін тергеуде екені анықталды.
Тұрғылықты жері бойынша тінту іс-шаралары барысында күдіктілерден қолдан жасалған пышақтар, телефондар, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Осы факт бойынша қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Осы баптың санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейін жаза қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін адам қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептеледі.