Павлодарда трамвай желісі алты шақырымға ұзарады

17 Сәуір 2023, 13:18
904
Бөлісу:
Павлодарда трамвай желісі алты шақырымға ұзарады
Фото: автордан

Ертіс өңірінде трамвай шаруашылығын дамыту бойынша кешенді шаралар қолға алынуда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Сала мамандарының айтуынша, трамвай көлігінің қызметіне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, трамваймен күніне 45 мыңға жуық тұрғын жүреді. Ал бір айдағы жолаушылар саны 2 млн 200 мыңнан асады.

«Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ-ның басқарма төрағасы Муслим Махмудовтың айтуынша, қозғалыс құрамы, желісін кеңейту мәселесі бірнеше жыл бойы көтеріліп келеді.

Нақтырақ айтқанда, трамвай желісін «Достық» шағын ауданына дейін жеткізу қажеттілігі туындап жатыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлейтін мамандар тобы анықталды. Құжат мамыр айының соңында немесе маусым айының басында дайын болуы керек. Кейін осы жоба шеңберіндегі жұмыстар басталады. Облыс әкімінің тапсырмасы бар. Алдағы екі жыл ішінде кешенді жұмыстар атқарылатын болады. Жобаның нақты құны да белгілі болады. Жоспар бойынша бір желі алты шақырымды құрайды. «Саяжай» шағын ауданындағы соңғы аялдаманы ұзартамыз. Осылайша, жақын маңдағы «Достық» шағын ауданының тұрғындарын қамтимыз. Жаңа ауданға 32 мың тұрғын қоныстанады деп күтілуде, - дейді Муслим Махмудов.

Трамвай жолдарын салу жұмыстарымен жергілікті бригадалар айналысады деп күтілуде. Жаңа желіні іске қосумен қатар трамвай құрамын жаңарту да көзделген.

Жаңа желі пайда болған соң жолаушылар легі де артатыны сөзсіз. Сондықтан қозғалыс құрамын жаңарту керек. Біз тағы 70 вагон сатып алмақпыз. Бүгінгі күнге дейін белорустық 23 вагон іске қосылғаны белгілі. Бүгінде 111 көлік күнбе күн желіге шығады, - дейді басқарма төрағасы.

Айта кетейік, бүгінгі күнде трамвай мамандары вагон өндірушілерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Қытай, Ресей, Чехия елдерінен ұсыныстар түсіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы