Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында бұрынғы химиялық зауыттан қалған сынаптың жерасты суларын ластамауы мақсатында ауқымды концепция әзірленген.
Қазіргі уақытта жоспар шеңберінде экологиялық іс-шаралар кезең кезеңмен жүзеге асырылуда.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының хабарлауынша, 2016 жылы қолға алынған концепция бойынша сынаптан ластанған Былқылдақ көлінің айналасы жер астындағы сазды қабырғамен қоршалған. Биыл ластанған судың Ертіс өзеніне кетіп қалмауы мақсатында тағы бір нысан құрылысы басталды.
Сорғы станциясынан Былқылдық көліне дейінгі аумақта екі жарым шақырымдық қабырға салынады. Оның құрылысына бентонитті саз пайдаланылады. Ол сұйық металдың жер астымен өзенге жылжып кетуіне жол бермейді. Нысанды тұрғызуға облыстық бюджеттен 750 млн теңге бөлінді. Басты мақсатымыз қауіпті сынаптан қоршаған ортаны қорғау. Бүгінде фортшахтаны орнату бойынша жер жұмыстары басталды. Топырақтың бірінші қабаты аршылды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған, - дейді басқарманың бас маманы Әлия Есмағұлова.
Концепция аясында Былқылдақ көлінің аумағында дренажды ор жасалды. Себебі, Былқылдақ көлі суының деңгейінің артуына жол бермеу керек. Осылайша, жаңбыр суы орға жиналып, көлге жетпейді. Бұл мамандардың басты назарындағы жағдай.
2005 жылдан бері сынапты сониторинг үздіксіз жүргізіліп келеді. Біз қоршаған ортадан, яғни, су, топырақтан, ауадан, жерасты суларынан сынама аламыз. Сонымен қатар жақын маңда тіршілік ететін аң-құстардың биологиялық үлгілерін аламыз. Сондай-ақ жақын маңдағы зауыт қызметкерлерінің шаш үлгілерін аламыз. Бүгінгі күнге дейін сынаптың шекті нормадан асуы тіркелген жоқ, - дейді мамандар.
Еске салсақ, Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аумағында химиялық апаттан соң 1000 тоннадан астам сынап көмілген.