Павлодарда ревмотологиялық орталық ашылды

17 Ақпан 2024, 18:05
180
Бөлісу:
Павлодарда ревмотологиялық орталық ашылды

Өңірдегі ревмотология қызметі бұған дейін өз алдына жеке мекеме болмаған. Жаңа орталықта 2 стационар жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Емдеу мекемесі облыстық Сұлтанов атындағы аурухана ішінен ашылды. Орталық директоры Арман Мұсабековтің айтуынша, бұдан былай ревмотологиялық ауруға ұшыраған жандар білікті мамандардан медициналық көмек алады. Бұл үшін барлық мүмкіндік жасалған, жақсы жабдықталған зертхана да іске қосылды.

Стационарлық көмектен бөлек, емхана жанындағы амбулаториялық қызметті кеңейтіп, күндізгі стационарды ашу ойда тұр. Ол жерде пациенттер медициналық тексеруден өтіп, мамандардың кеңесін алады және ем-шара көрсетіледі, - дейді А.Мұсабеков.

Айтып өту керек, мұндай ревмотологиялық жеке мекеме облыста алғашқы рет ашылып отыр. Бұған дейін аталған ауру түрлерін емдеу үшін ауруханалардың терапиялық және кардиологиялық бөлімшелерінде бірнеше төсектен ғана қойылып келген.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас ревмотологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Тоғызбаев орталық арқылы тұрғындарға сапалы ем-дом жасалатынын, ерте анықталған аурулардың нәтижесінде адамдарды мүгедектіктен сақтап қалуға болатынын жеткізді. Оның сөзінше, алдағы уақытта мұндай мекемелер еліміздің өзге өңірлерінде ашылады деп жоспарланған.

Қазір мекеменің өзінде төрт, ал емханада екі дәрігер науқастарды қабылдап жатыр.

Өзгелердің жаңалығы