Павлодарда қылқобыз үйірмесі жұмысын бастады

3 Ақпан 2022, 12:46
2548
Бөлісу:
Павлодарда қылқобыз үйірмесі жұмысын бастады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде алғаш рет қылқобыз үйірмесі жұмысын бастады. Енді жастар мен ересектер көне аспапты меңгеру мүмкіндігіне ие болды.

Жаңа үйірме «Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық орталығында ашылды. «Шалқыма» үйірмесінің жетекшісі, дәстүрлі әнші Бөкен Жігердің айтуынша, қазірдің өзінде ысқышты аспапты үйренемін деушілер хабарласып жатыр.

Бұған дейін Успен ауданындағы мәдениет үйінде жұмыс істеген едім. Павлодарға келген соң қылқобыз тарту өнерін дамытуды мақсат еттім. Өзім аспапты небары екі жыл бұрын меңгеріп алдым. Сол өнерді жастардың бойына сіңіргім келеді. Үйірмеге келген азаматтар бірінші кезекте сауат ашу күйлерін үйренеді. Кейін ынтасы болса, күрделі туындыларды үйрене алады. Әзірге үйірме жұмысы аптасына бірнеше рет жүргізіледі. Онлайн режимде өткізуге де мүмкіндік бар, - дейді Бөкен Жігер. 

Бүгінгі таңда Бөкен Жігер айтыссүйер қауым арасында танылып үлгерген. Ол бірнеше жыл бойы қылқобызды тарту арқылы сөз жарыстырып, ерекшеленіп келеді. 

Айта кетейік, облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты үйірмеге тек 10 адам қатыса алады. Шектеулер енгізілгеніне қарамастан, сабақтар үзілмейді. Үйірме аясында кенжелеп қалған терме, күй өнеріне де басымдық беріледі. 

«Шаңырақ» орталығы соңғы уақытта көне қазақ аспаптарын жаңғыртып келеді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын адырнамен орындалатын 20-дан астам туынды оркестрдің репертуарына қосылған. 

Өзгелердің жаңалығы