Астана, BAQ.KZ. Ауруханалық парақтардың QR-код жүйесі 25 мемлекеттік және 10 жеке меншік медициналық ұйымға енгізілген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Ағымдағы жылдың ақпан айында «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық офисі жұртшылықтың қатысуымен уақытша еңбекке жарамсыздық туралы құжаттарды сату схемасын анықтады. Бұл іске қатысы бар тұлғалар атқарып отырған қызметтерінен босатылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жобалық кеңсемен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық көріністерінің осындай фактілерін болдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылдады.
Уақытша еңбекке жарамсыздық парағын берудің заңдылығын тексеру үшін «DamuMed» мобильдік қосымшасында ақпараттық сервис әзірленді.
«Енді жұмыс берушілерде берілген медициналық құжаттың дұрыстығын өз бетінше тексеру мүмкіндігі бар. Егер ол шын мәнінде тіркелген болса, жүйе сәйкестендіру нөмірінің кодын және науқастың деректерін көрсетеді. Берілген бланкілердің жоғарғы бұрышында QR-код орналасқан», - деді жобалық кеңседе.
Бұл қызметті пайдалану үшін «DamuMed» қосымшасын жүктеу қажет. Бұдан әрі қосымшасындағы «ауруханалық парақтар» бөліміне кіріп, QR-кодқа қою қажет. Содан кейін телефон экранында барлық қажетті ақпарат көрсетіледі.